Ұлттық қорды неге экономикаға құя салмаймыз? Ол қашан таусылады?
Макроталдаушы Аякөз Ханетова қор қаржысын қазір экономикаға құя салу "Голландиялық ауруға" ұшыратады деп есептейді.Алдымен қор туралы деректер:
2000 жыл – Ұлттық қор және қорды басқару кеңесі құрылды. Төрағасы – ҚР президенті.
2001 жыл – Ұлтық қорға ең алғаш жарна "Шеврон" компаниясынан түсті (660 млн доллар).
2005 жыл – Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдалану тұжырымдамасы қабылданды.
2007 жыл – Қордан республикалық бюджетке жіберілетін трансферттер арта бастады. Әлемдік қаржылық дағдарыстан (2008-2009 жылдар) кейін республикалық бюджеттің мұнайдан түсетін табысқа тәуелділігі артты. Кейінгі жылдары орта есеппен 7 млрд долларға жуық сомадан трансферт жасалып тұрды.
2008 жыл – Қордан бюджетке мақсатты трансферттер жіберіле бастады (Негізі қордағы ақша бюджетке 2 жолмен келеді: кепілді трансферт және мақсатты трансферт. Кепілді трансферт – бюджет дефицитін жабу үшін есептеліп, бекітіледі).
2009 жыл – дағдарысқа байланысты Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің тең жартысына жуығы (44%) тек Ұлттық Қормен толықтырылды.
2010-2012 жылдар – Қордан мақсатты трансферттер жасауға тыйым салынды.
2013 жыл – Кепілді трансферт тек 8 млрд доллар болады деп бекітілді. Алайда осы жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Президент айқындаған мақсаттарға Ұлттық қордан республикалық бюджетке мақсатты трансферттерді бөлу қайта жаңғыртылды.
2014 жыл – Бюджеттің 36%-ы қордан толықтырылды, бірақ жылдан жылға трансферт мөлшері артып, 2017 жылы қордан түскен ақша Бюджеттің 48%-ын қамтыды. Яғни, бюджеттің қордан түсетін қаражатқа тәуелділігі артты.
2014 жыл – Қордағы актив мөлшері 73 млрд доллар.
2015-2016-2017 жылдар – Қордан бюджетке ең көп трансферт жасалған жылдар (2020 жылғы пандемия кезіндегі дағдарысқа дейін).
2022 жыл – Қордағы актив мөлшері 55,8 млрд доллар (28 576 519 720 000 теңге).
Оқи отырыңыз: Экономист: Ұлттық қорға қол салып, қарызға бату дұрыс емес
Ұлттық қордың активі соңғы жылдары тез сарқылып жатыр. Өйткені, бюджеттің тапшылығы артып, оның 40%-дан астамы қордан жасалатын трансферттермен толықтырылып отыр. Егер қазынаны осы темппен толықтыруды жалғастырсақ келешек ұрпаққа қордан жұдырықтай жұғым қалады (келешекте мұнай бағасы төмендейді деген божамды ескерсек).
Қуантатын бір жайт, 2023 жылдан бастап "Бюджет ережесі" іске қосылады, яғни бюджеттің шығындары және ұлттық қордан алынатын қаражат нақты бекітіледі де, ол сомадан артық қаражат алынбайды, яғни бюджет дисциплинасы орнайды деген үміт бар.
Үкіметтің жоспары бойынша осы ережені сақтаса 2030 жылы қор активтері 100 млрд. долларға жетеді екен. Яғни, алдағы 8 жылда осындай көрсеткішке жетеміз... Реалисттік көзқараспен қарайтын болсақ, біз 20 жылдан бері 130 млрд доллардан аса трансферттерді жұмсап, дәл қазір тек 56 млрд доллар жуық жинақтай алдық.
Оқи отырыңыз: "Самұрық-Қазына" қоры Ұлттық қордан қаржы алады
"Неге ұлттық қорды қазір экономикаға құйып, экономикамызды дамыта салмаймыз?" деген сұрақ бар қоғамда.
Менің жауабым: Бұлай істеу – үлкен қателік!
Себебі:
- Бұл "Голландиялық ауруға" ұшыратады (Венесуэла елінің мысалы. Олар ақшасын қорға емес экономикаға саламыз деп, аяғында экономикасы да әртараптанбады, қорында да жиған ақшасы болмады).
- Экономикаға сырттан ақша құйыла берсе "экономика қызып" кетеді де, ол ұлттық валютаның орынсыз нығаюына себеп болады. Ал оның нәтижесінде отандық өндіріс қатты зардап шегеді.
- Қазірдің өзінде қордан алынып жатқан қаражат республикалық бюджетке түскеннен кейін, бір бөлігі жергілікті бюджеттерге жіберіледі, бір бөлігі маңызды стратегиялық жобаларға жұмсалады. Бірақ, бұл процестің тізбегін қадағалау мүмкін емес, яғни нақты қанша қаражат қай жобаға жұмсалып жатқанын және ол жобаның тиімділігін көру өте қиын, бір жерге жинақталған ақпарат және деректер жоқ.
- Қор еліміздің "кепілдігі". Егер маңызды инвестициялық жобалар үшін сырттан инвесторлар тартатын болсақ, олар алдымен елімізді түрлі критерийлер бойынша бағалайды. Солардың бірі – елдің "жинақтаған қоры" бар ма, жоқ па?
Қалай болғанда да, Ұлттық қор тек бүгінгі буынның ғана меншігі емес, ол келешек ұрпаққа мұраға қалдырылатын дүниенің бір бөлігі. Сондықтан оны орынды және тиімді жұмсау біздің жауапкершілігімізде.