Қазақстанға үлгі: Норвегия қорындағы қаражат қалай жұмсалады
Макроталдаушы Аякөз Ханетова Норвегия елінің ұлттық қорындағы бюджет ережесіне талдау жасады.90-жылдардың ортасынан бастап Норвегияның жалпы мемлекеттік секторының таза қаржылық байлығы үздіксіз өсті. 2019 жылы бұл байлық – жалпы ішкі өнімінің 282%-на жетті.
Норвегия бюджеті үнемі профицитте болды (2008, 2011-2013 жылдарды қоспағанда). Олар да бюджетіне Global қорынан трансферттер жасап отырды (біз де Ұлттық Қордан бюджетке трансферт жасап тұрамыз), бірақ олардың трансфертінің сомасы мұнайдан түскен қаражат сомасы мен қорда жинақталған активтерден түскен инвестициялық табыстан үнемі аз сома болды, яғни бұл ел өздері бекіткен "Бюджет ережесін" мықты ұстанды.
Басты бюджет ережесі:
"Мұнайдан түскен табыс толықтай Global қорына құйылады. Қор капиталының табысы шамамен 3% тең болады деп болжанады да, сол 3% ғана бюджетке құйылады, яғни мемлекеттік бюджеттің тапшылығы осы көрсеткіштен аспауы тиіс".
Оқи отырыңыз: Банк картасының CVV кодын бөгде адамдарға неге айтуға болмайды?
Демек, норвег үкіметі бюджет тапшылығын тек пайыздан түскен табыспен ғана жауып отыр, қордың негізгі активіне қол сұқпайды деген сөз.
Дегенмен, олар да дағдарыс кезеңдерінен өтті. Мысалы, 2011-2013 жылдар аралығында елдің таза қарызы (net debt) ЖІӨ-нің 50%-на жетті. Норвег үкіметі қаржы жоспарын қайта қарастырып, фискалдық консолидация және экономиканы қалпына келтіру шараларын қолға алып, 2018 жылы таза қарызын ЖІӨ-нің 14%-ына дейін төмендете алды.
2001-2016 жылдары Global қоры активтерінің шамамен жылдық орташа табысы 4% деңгейде болды. 2017 жылы активтердің орташа табысы 3%-ға дейін төмендеді. Мұның басты себебі соңғы онжылдықта әлемдік деңгейде нақты пайыздық (real interest rate) мөлшерлеменің дүние жүзінде төмендеуі еді.
Норвегия үшін қазір ең маңызды мәселенің бірі – халқының қартаюы.
Алдағы 10-15 жылдан соң қарт адамдардың саны күрт өсіп, бюджеттен зейнетақыға, денсаулық сақтау мен күтімге бөлінетін мемлекеттік шығындар едәуір өседі деп болжануда.
2001 жылы Норвегия Парламентінің Қаржы және экономика жөніндегі комитеті тікелей және жанама салықтарды, инфрақұрылымды және білімді Норвегия экономикасының басты және ерекше маңызды үш бағыт ретінде анықтады. Яғни, Қордан түскен қаражат негізінен осы басымдық берілген бағытта жұмсалады.