Тақтай орындық балаға зиян. Мектеп парталары қандай болуы керек?
Сәулетші Айдар Ерғали Қазақстан мектептеріндегі ағаш парталар мен орындықтардың сапасы сын көтермейтінін айтты.Бұл менің қызым оқитын былтыр ғана жөндеуден өткен сыныптағы парталар. Қазақстандағы барлық мемлекеттік мектептерде осындай десе болатын шығар. Бұл жиһазды мемлекет ең арзан, ең қарапайым деп біліп түрмедегілерге көк тиынға жасатады. Ол түрінен де көрініп тұр.
Бұл парталар мен орындықтарға ұзақ отыру біріншіден, бала денсаулығына зиян. Ол омыртқаның қисық өсуі, яғни сколиоз дамуына және басқа да ауруларға әкеп соғады. Екіншіден, баланы тез шаршатып сабаққа деген назары мен көңілін құртады. Бұл орындыққа бір сағат бойы отырудың өзі қандай азап екенін ата-аналар жиналысына барған адам жақсы біледі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда үйлер 7 балл жер сілкінісіне шыдай ма?
Ал енді зілдей сөмкелерін еске алсақ, күндізгі жеңіл-желпі жүрек жалғайтын тегін тамақтарынан айырғанын ескерсек, бұл бүлдіршіндер соншама жазаланатындай бұл мемлекетке не істепті деген ой келеді. Шын мәнінде әрбір есі дұрыс елде, әрбір болашағына жауапкершілікпен қарайтын елде мектеп парталары – жиһаздың ең арзан емес, ең қымбат түрі. Өйткені:
- Парта деңгейі бала бойына байланысты өзгермелі болуы керек. Ол көбінесе электр қозғалтқышының күшімен жылжиды. Қолмен айналдырып қозғалтатындары да бар. Бұндай үстелдерді LIFT DESK дейді. Ол тек бойы тез өсіп бара жатқан мектеп балаларына емес, жұмысын ұзақ отырып істейтін ересек адамдарға да маңызды. Оның деңгейі жұмысты тұрып та істеуге мүмкіндік береді. Өйткені бір мезгіл тұрып істеген өте пайдалы. Сондықтан LIFT DESK көп елдерде офис жиһазының да стандарты саналады.
- Партаның беті әртүрлі бұрышпен еңкеюге тиіс. Ол да эргономика, яғни ыңғайлылықты зерттейтін ғылым талаптарына сай. Бұл мәселеге қанша кедей болса да, тіпті, кеңес үкіметі де көңіл бөлетін. Ондай парталар әлі де көп адамның есінде.
- Қазіргі парталардың түрлі қондырғыларды – планшет, компьютер, құлаққап, микрофон, телефон сияқтыларды бір жүйеге қосып, қуаттандыратын мүмкіндігі де болуы керек. Сөмке ілетін ілмектерді айтпағанда, оған қосымша жеке жарықтандыратын да құрылғысы болу қажет.
- Орындықтың биіктігі де баланың бойына сай болуы керек. Оның арқасы бала тік отырғанда арқасы мен белін тіреп тұратын, ал демалғанда еркін шалқая алатындай екі түрлі қалыпқа түсуі керек.
- Орындық міндетті түрде жұмсақ болуға тиіс. Тақтай орындықтарды енгізген, оларға тапсырыс берген, оларды істеген әрбір адам өзі дәл қазір тақтайдың үстінде отырған жоқ, жайлы жұмсақ креслода отыр.
Оқи отырыңыз: Жеке спорт залдары мен пән кабинеттері. Жайлы мектептің қазіргі мектептен айырмасы қандай болады?
Бұл тек парталар мәселесі. Одан басқа мен желдету жоқ екенін айтушы едім. Сыныпта отырған жиырма бала бөлмедегі оттегіні бір сабақтың ішінде-ақ жоқ қылады да, содан кейін гипоксия, яғни мидың оттегі жетіспеушілігінің кесірінен тұншығады. Гипоксияны адамдар "шаршау" деп қабылдайды. Бірақ ол шаршау емес, ол – ағзаға келтірілген нақты зиян. Терезені ашып желдету балалардың жиі ауыруына және жылудың далаға босқа ұшып кетуіне әкеледі. Ал сапалы таза ауа алмастыратын желдету біздің мектептерде қарастырылмаған.