Жүктілік – әйел өміріндегі таңғажайып кезең. Әйелдің құрсағына бала біткенін білген күннен бастап, жауапкершілік сезімі арта түседі. Осы орайда №2 емхананың акушер маманы Динара Алтынбаева ана атануға дайындалып жүрген әйелдердің емханаға есепке тұруы жайында толығырақ айтып берді. 

Маманның айтуынша, жүкті әйел бірінші рет емханаға жүгінген кезде акушер-гинеколог оның анамнезін мұқият жинайды. Қарап-тексеріп, ультрадыбыстық зерттеу жүргізеді.

"Дәрігерлер жүкті әйелді хромосомалық патология және құрсақішілік ұрықтың туа біткен ауытқуларды анықтау мақсатында пренаталдық скрининг жүргізуге жібереді. Бұл жүктіліктің 11-13 аптасында, бес күнге ұласады. Сондай-ақ дәрігер антенатальдық күтім туралы және бірінші триместрде не істеу керегін айтады", – деді Динара Алтынбаева. 


Оқи отырыңыз: Әйелдердің жүкті болмас бұрын қандай дәрумендер ішкені абзал? Гинекологтан кеңес


Жүкті әйелдер қандай анализдер тапсырады? Ол: 

  • қанның жалпы талдауы;
  • несептің жалпы талдауы;
  • қан тобы және резус фактор;
  • мерез, АИТВ және ТОRCH инфекциясы;
  • гепатиттер маркерлеріне зерттеп-қарау;
  • қан глюкозасын анықтау;
  • аналық сарысу маркерлеріне қанды зерттеу;
  • қынаптан алынған биоматериалды микроорганизмдерге және тазалық дәрежесіне бактериоскопиялық зерттеу. 

Акушер әйелдерге 12 аптадан кешікпей кеңес алуға келуді ұсынды. Өйткені осы кезеңде ұрықтың қалай дамитыны баланың болашақ денсаулығына тікелей әсер етеді. 


Оқи отырыңыз: Қант диабеті бар әйелдер жүктілікті қалай жоспарлауы керек? Эндокринолог кеңесі


"Әйел емханаға қаралған күнінен бастап уақытылы бақылауда болуы үшін есепке алынады. Әйелге алмасу картасы беріледі және ары қарай скринингке жіберіледі. Егер кешіккен әйелдер бірінші скринингті жіберіп алса, онда жүктіліктің ерте кезеңінде анықталатын ақауларды білмей қалуы мүмкін. Сол себепті жүктілік кезінде ертерек есепке тұру маңызды", – дейді акушер.