Микробалдыр – Spirulina Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында өсіріледі.

ХХІ ғасырдың ең үздік өнімі

Алматылық ғалым, химия ғылымының кандитаты Бейсен Дөненов біраз жылдан бері елімізде Spirulina-ны өсіру үшін қолайлы аймақ іздеп, зерттеу-зерделеу жұмыстарына кіріскен еді. Өйткені медицина, ауылша­руашылығы мен малшаруашылығы, сондай-ақ тағам өндірісін дамытуда микробалдырды өсіруден орасан зор пайда көп. Еліміздің барлық өңірін ерінбей аралап, ауа райы мен күн сәулесін зерттеген ғалым ұлылар шыққан мекен, Отырарға аялдайды.


Ғалым Бейсен Дөненов / Фото ғалымның жеке мұрағатынан алынды

– ХХІ ғасыр – сөзсіз биотехно­логтардың ғасыры. Ал Spirulina-ға осы ғасыр­дың ең үздік өнімі деп баға беруге болады. Ол құрғақ және ыстық тропиктік климатты жерде жақсы өседі. Сондықтан Израильде, Үндістанда, Қытайда, Тайланд және Американың тропиктік белдеуге жақын аймағында өсіріледі. Бес-алты жылдан бері зерттеп, зерделеп біздің Отырарда осы микробалдырды өсіруге болатынын анықтадым, – дейді ғалым Бейсен Дөненов.

Ғалым мен кәсіпкер жобаны бірігіп қолға алды

Бейсен Қайнарбайұлы Отырар ауданына ат басын жиі бұрып жүргенде кәсіпкер Нартай Әубәкіровпен танысады. Ол құрылыс саласында еңбек етеді. Бұған дейін бірнеше нысан мен жол салып, ескерткіш тұрғызып, ел игілігіне берген. Ғалым кәсіпкерге осы жобаны бірігіп, қолға алу жөнінде ұсыныс тастайды.


Кәсіпкер Нартай Әубәкіров / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– Шыны керек, алғашында жобаның тек құрылыс жұмысына қызықтым. Жылыжай соғып, ыстық су мен жылу тартып беруге ғана келіскенмін. Кейінірек, микробалдырдың пайдасының шаш етектен екенін біліп, бірігіп өндірген дұрыс деп ниет еттім. Осылайша бұл жобаны екі жақтап қолға алдық. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов еді. Ол бізге ыстық су тартып, бассейн салу үшін жер бөліп беру мәселесін шешіп берді, – дейді кәсіпкер.

Spirulina-ны өсіруге қолайлы аймақ – Отырар

Осылайша өнімнің ұрығын алдымен Норвегия елінен алдырып, оны өсіре бастайды.

Ғалым Бейсен Дөненовтың Отырарға келіп тоқтауының өзіндік сыры бар. Себебі, бұл өңірде күні-түні жер астынан ыстық су атқылап жатыр. Ал судың құрамында Spirulina-ға қажетті элементтің 60 пайызы бар екен. Күн ыстық. Микробалдырды өсіруге қажетті тұзды Екібастұздағы жылыту қазандығынан шығатын түтіннен алуға болатынын да ғалым дәлелдеп отыр.


Spirulina адам ағзасының иммунитетін күшейтеді / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– Алматы қаласындағы Химия Ғылымдары Институтында тазартылған өсімдік алынып, Отырар ауданына өсірілуге жіберіледі. Бір рет себілген ұрықтан үш ай бойы өнім алуға болады. Өсу процесі небәрі үш күнге созылады. Біз бір айда сегіз келіге дейін дайын өнім өсірдік. Оны сараптамаға Германия мен Испания елдерінің ғалымдарына жіберіп едік, жоғары бағалады. Көршілес жатқан Ресейдегі дәрі-дәрмек шығаратын алып зауыт та біздің өнімге қызығушылық танытып отыр.

Spirulina тура кішкентай бала секілді


Кәсіпкер Нартай Әубәкіров Spirulina-ға өз баласындай аялап қарайды / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды)

– Мысалы, сәбиді желге шығарсаң, ауырып қалады ғой. Ал үстін қымтап, орап тастасаң, тұншығып қалуы мүмкін. Бұл да сол сияқты. Су температурасы 25-35 градус жылы болуы керек. Сондай-ақ, тазалық жағына қатты мән беру қажет. Біз жуынып-шайынып, арнайы киіммен кіреміз. Егер үстіңнен темекінің немесе басқа жағымсыз иіс шығып тұрса, өнім сапасыз болып өседі. Ал тұзды белгіленген арнайы уақытпен сеуіп, үнемі бақылап отырамыз. Күн батқанда олар да адамдар секілді ұйқыға кетеді. Күн шыққанда қайта қозғалыс басталады, – дейді Нартай Әубәкіров.

Spirulina-ның тарихы

Spirulina – жер бетінде бірнеше миллион жыл өмір сүріп, биохимиялық құрамын өзгертпеген жалғыз тірі ағза. Оны 1964 жылы бельгиялық ботаник Ж. Леонар алғаш рет Африкада, Чад көліне таяу жерде тапқан. Содан кейін ғана ғалымдар бұл балдырларды зерттей бастаған. Ал XX ғасырдың 80 жылдарынан бастап ғалымдар тағамға қоспа ретінде қоса бастады.


Spirulina-ны косметологияда да кеңінен пайдаланады, ол қартаюдың алдын алады / Фото ғалымның жеке мұрағатынан алынды

Бүгінгі таңда жапондар мен америкалықтардың күнделікті тағамын 3-5 грамм Spirulina қоспасынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені оның құрамында 2000 дәрумен мен минерал, аминоқышқыл мен фермент бар. Қазір NASA Spirulina-ны ғарышта өсірмекке талпынып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі ол оттегіні жақсы бөледі. Бір келі Spirulina өсу барысында 450 келі көміртегі газын өзіне жұтып, 1,2 келі оттегін бөледі екен.

Spirulina-ның пайдасы

Жоғарыда Spirulina-ның медицина, ауылшаруашылығы мен малшаруашылығында, тағам өндірісінде пайдасы мол екенін айттық. Құра­мында улы заттары жоқ, эко­ло­гиялық таза өнім.

Сондық­тан Spirulina-ны тағамға қосымша қоспа ретінде пайдаланғанда ішек микрофлорасы­ның қызметтерін тұрақтанды­ра­ды және иммунды жүйелерді көте­реді. Организмде темір жетіспеген кезде, қант деңгейін төмендету үшін және ұзақ ауырған кезде, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққанда таптырмас дәрі.

Сондай-ақ, аты жаман қатерлі ісіктің алғашқы кезеңінде пайдаланса, жазылып кету мүмкіндігі бар. Спортшылар, шахтерлер мен ғарышкерлердің күнделікті ас-суына қосса, күш-қуат береді. Адам ағзасын жасартады және жақсартады.


"Микробалдыр талай дерттен айықтырады" дейді мамандар / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– Басымның төбесінде бір жұдырықтың көлеміндей ақ шаш болатын. Қоспаны суға езіп іше бастадым. Сенесіз бе, шашым қайта қарайып шыға келді. Дөненов мырза да қатерлі ісікке шалдыққан танысына беріп, жазып алғанын айтты. Бұйыртса, біз өсіріп жатқан Spirulina-ның дертіне дауа іздеген талай адамға шипа болары анық. Сондай-ақ, мал азығына да қолдансақ болады. Әлем сарапшылары Spirulina жеген мал етін жоғары бағалайды. Әсіресе құс фабрикаларында жас балапандардың алғашқы аптада-ақ тез ет алып, қоңданып кетуіне жақсы әсер етеді. Яғни құс фабрикасын даытуға қосар үлесі орасан зор. Осы арқылы біздің де төрт түлік пен құс етіне деген көрші елдердің сұранысын арттыруға мүмкіндігіміз бар, – дейді Нартай Әубәкіров.

Дүниежүзілік банк 600 мың АҚШ долларын бөлді

Күндердің күнінде жерасты қазба байлықтары таусылады. Ал био­логиялық заттар, өсімдіктер, мик­роорганизмдер және басқалары – сарқылмайтын табиғи байлық.

Ғалым Бейсен Дөненовтың ұйқысыз түндері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі ақталып жатыр. Жуырда дүниежүзілік банк тарапынан ғалымның жобасына 600 мың АҚШ доллары бөлінді. Енді көктемнен бастап ғалым мен кәсіпкер Spirulina өсіретін бассейндердің санын көбейтіп, білек сыбана іске кіріспекші.


Spirulina осындай арнайы бассейндерде өсіріледі / Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

– Әлем нарығында Spirulina-ның бір келісі 150-200 АҚШ долларына бағаланады. Жаңа ға­сыр био­энергетикасы микробалдыр­лардан алынатын экологиялық таза отын, биодизель мен био­мұнай ғасыры деп есептелінеді. Сондықтан біз де көшке ілесіп, микробалдырды ауыл­шаруашылығына, меди­цинаға, қоршаған ортаны бақылау және қалпына келтіруге пайдалануды басты назарға алып отырмыз. Алла қуат берсе, болашақ ұрпақтың алдында біз атқаратын іс көп, – дейді ғалым Бейсен Дөненов.


Бейсен Дөненов Алматыдан Отырарға жиі келіп, микробалдырдың жай-күйін қадағалап тұрады / Фото ғалымның жеке мұрағатынан алынды

Ал кәсіпкер Нартай Әубәкіров өнім тұрақты түрде алына бастағаннан кейін емдік-сауықтыру орталығын ашуға, фармацевтикалық және косметикалық зауыт салуға мүмкіндіктері барлығын атап өтті.

Өндірілген Spirulina-ны "Бізге сат, бізге бер" деп сұрап жатқан ел көп. Яғни, қазақ ғалымы мен кәсіпкерінің жұлдызы жарқырай жанатын күн жақын. Олар отандық өніммен әлем нарығын жаулауды мақсат еткен.