Отбасы құндылығын жоғалту ұлтты құртады. Немесе қазақтар БҰҰ-ның алғашқы ондығына қалай енді?
Экономикасы өрге домалап, тұрмыс өресі жоғарылаған Еуропа халқының кенеттен азая бастауы – батыс елдерінің бас ауыртар мәселесіне айналды.
Алайда Қазақстан бастаған Орта Азия елдері мен басқа мұсылман елдерінің демографиялық жағдайы жақсарып келеді. Ауа-райы қоңыржай немесе ыстық белдеулік аймақтарда адам басының өсуі тіптен жоғары.
Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?
Еуропаны жаппай жалғыздық жайлап барады
ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Бақытбек Смағұл: "Еуропаны жаппай жалғыздық жайлап жатыр. "Еуростат" еуропалық статистикалық қызметтің зерттеуі көрсеткендей, Еуропалық одақ аумағындағы үйлердің үштен бірінде, нақтырақ айтқанда 33%-ында тек жалғыз адам ғана өмір сүріп жатыр.
Яғни, Батыста бір адамнан ғана тұратын үй шаруашылығы үлгісі кең таралуда. Бұл – әсіресе, дамыған озық ел саналатын Швецияда кең қанат жайған құбылыс: бұл елде бір адамнан тұратын үй шаруашылықтарының саны 52%-ды құрайды.
Еуропада одан кейінгі орынға балалары жоқ ерлі-зайыптылар шығып отыр, олардың үлесі жалпы санның 25%-ын құрайды.
Оқи отырыңыз: Жалғыздық синдромы туралы
Әрине, мұның барлығы дамыған озық елдердің кездестіріп отырған үлкен сын-қатерлері болып табылады. Отбасы құрмаған адамдар немесе бала сүймеген отбасылар үлесінің көбеюі мемлекеттің болашақта жер бетінен жоғалуына соқтыруы ықтимал".
Бақытбек ағамыздың айтуынша, дамыған елдердің қатарына ұмтылып отырған Қазақстан отбасы құндылығын дәріптейтін рухани дәстүрімізді жоғалтпауы, дамытуы керек.
Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр
Адамзаттың жоғалу картасы
Экономикасы мен өмір сүру деңгейі көш ілгері батыс елдеріндегі демографиялық құлдырау сіз ойлағаннан да қиын. Себебі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ары қарай БҰҰ) Әлемдік Халық Болашағы (UN World Population Prospects) мекемесі жасаған сараптама соны көрсетіп отыр.
"Өркениетке жақындады" делінген немесе өмір сүру өресі өскен елдердің демографиялық жағдайы нашарлап кеткен. Ал даму үстіндегі елдер мен кейбір кедей елдердің демографиялық жағдайы керісінше өсу үстінде.
Бұл ұйым 2017 жылы Адамзаттың жоғалу картасы есебін жариялады.
Жалпы соңғы он жылдағы сараптама бойынша жер бетінен жоғалу мүмкіндігі барынша төмен елдерге негізінен мұсылман елдері мен Латын Америкасы елдері және Моңғолия мен Филлиппин кірген.
Оқи отырыңыз: Қошқарбай ауылының тұрғындары 11 жетімді бірден асырап алды
Қазақ жоғалмайтын елдер санатында
Тағы бір көрсеткіш – Халықтың өсу коэффиценті (ХӨК). Ол елдегі әйелдің ұрпақ қалдыру мүмкіндігі бар кезеңде өмірге келген және тірі қалған әйелдер арасындағы өлім-жітімдердің салыстырмасы.
ХӨК есебі бойынша Қазақстан ешқашан жоғалмайтын елдердің қатарына енген.
Ол бойынша бәрінен бұрын құрып кетуі мүмкін 10 ел қатарына Макао, Гонконг, Босния мен Герцеговина, Ресей, Мальта, Словакия, Сингапур, Румыния, Венгрия, Македония кіріп отыр.
Тіпті жалпы тарихы 3700 жылдан кем емес деп саналатын Қытайдың өзінің, егер қазіргі демографиялық көрсеткіштерін нашарлатып алмаса, 1500 жылдық өмірі қалды деп санайды БҰҰ сарапшылары.
Оқи отырыңыз: Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?
Себеп неде?
"Бір атап өтерлігі, БҰҰ-ның осы болжамына түсініктеме берген ғалымдар оның шын екендігіне еш күмән келтірмеді. Ғалымдардың байламынша, әлемдегі көптеген елдерде шын мәнінде демография сапасы нашарлауда.
Бұған қоса, адами қатынастардың басты қырларын, яғни бала тууды қалыптастыратын басты факторлар – моральдық-адамгершілік ұстанымдар және құндылықтар жүйесі деградацияға ұшырап жатыр.
Бұл өз кезегінде сананың деградациясына соқтырды және бұл кесір құбылысы үдемелі қарқынмен жалғасады. БҰҰ ғалымдарының болжамдарын расқа шығаратын ықтимал алғышарттар мен себептердің бірі де осы болып табылады" – деп отыр Бақытбек Смағұл ағамыз.
Оқи отырыңыз: Баламен қарым-қатынас құру құпиясы. Қайтсек жақсы ата-ана атанамыз?
Бақытбек ағамыздың айтуынша, бұрындары дерт-патологияның таралуынан сақтап келген отбасылық құндылықтар жүйесі, дәстүрлі мораль мен шектеуші факторлар жүйесі қазір толық дерлік күйреген. Мұндай жағдайда елді тек құрып біту күтіп тұр, мұны талқаны таусылған көптеген өркениеттердің тарихы куәландырады.
Міне, бұл – Еуропаны жалғыздық жайлауының себебі. Адамгершілік, туыстық сана-сезім, Отбасы құндылығы нашарлаған сайын ұрпақ қалдыру белсенділігі азая түседі. Мейлі ол қаншалық дамыған, әлеуметтік жағдайы жоғары ел болса да ол процестен құтыла алмауда.
Жан санының өсу неге байланысты?
Біріншіден, климаты қоңыржай не ыстық белдеулік өңірлерде өсім жоғары. Халықтардың тұрмысына керекті киім-кешек шығыны да төмен, ішіп-жемді өндіру мүмкіндігі жоғары. Бір сөзбен өмір сүруге қолайлы.
Екіншіден, діни көзқарас та қатты әсер етіп отыр. Мысалы, Ислам дінінде Мұхаммед пайғамбардың: "Мен Алланың алдында үмбетімнің көптігімен мақтанамын! Үйленіңдер, көбейіңдер!" – деген хадисі де зор рөл атқарды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы халық саны мен ел демографиясы туралы қызықты деректер
Үшіншіден, тарихи ұлттық сана. Түркі текті халықтарда берік отбасылық құндылықтар сабақтастығы тарихи жалғасып келеді. Яғни сапалы ұрпақ қалдыру көзқарасын атап айтуға болады. Сонымен бірге "көп болған сайын, өзара көмек те көп, жағдайдың да жақсы" болатыны онсыз да белгілі.
Төртіншіден, халықаралық гендерлік саясат та қатты ықпал етті. Бұл әсіресе батыс елдеріндегі ер мен әйел арасындағы тарихи қатынасты өзгертті. Сонымен әйел теңдігінің көтерілуі – онсызда өмір сүру өресі көтерілген елдердегі әйелдердің психологиясын өзгертті, ұрпақ қалдыру және өмірдің мәні туралы танымын түбегейлі бұрды. Міне бұл ұрпақ қалдырып қиналғысы келмейтін немесе жеңіл тұрмысқа құныққан қоғамдық орта қалыптастырғаны белгілі.
Бесінші, неке құндылығы. Мысалы, қазақта тарихи салт-дәстүрге сай ажырасулар мүлде болмайтын. Тіптен, жесірлердің өзін әмеңгерлік жолмен алу арқылы әлеуметтік және тұрмыстық мәселені шешетін. Кеңес Одағы кезінде де ажырасулар қабылданбайтын. Ал батыстық өмір сүру құндылығы енгеннен кейін "ажырасу" қалыпты бола бастады. Сонымен бала сүю азайды. Десек те бұл әсіресе ислам діні құндылығы мен түркілік отбасы құндылығын берік ұстанған халықтарға әлі де қатты әсер ете алған жоқ.
Оқи отырыңыз: 1897-2018. Қазақ халқының саны қалай өзгерді?
Алтыншы, урбанизация яғни ауылдан қалаға топтасу. Бұл да – әлеуметтік жағдай мен өмір сүру ортасының өсуіне байланысты туудың төмендеуіне әкеп соғатын маңызды факторлардың бірі. Қалаға шоғарлану қаншалық көп болса, табиғи өсім де соншалық төмен болып отыр.
Сонымен бірге жыныстық азшылық ретінде қорғалатын "қызтекелер" сынды топтар да халық санының өсуіне кері әсер етеді. Бұл ислам дінін ұстанатын халықтар мен шығыс елдерінің басым бөлігінде шектелетінін ескерген жөн.
Оқи отырыңыз: Қалың малға құныққандар жастардың бағын байлап жүр. Қалың мал туралы аңыз бен ақиқат
Ресейді құтқаратын көшіп барушылар мен кей халықтардың берік сақталған отбасы құндылығы
Ресей Федерациясының демографиялық жағдайы көшіп келушілер мен ондағы кей халықтардың мықты ұстанған отбасы құндылықтарының әсері есебінен сәл де болса оңалды. Алайда кейінгі кезде көшіп баратын донорлардың саны да айтарлықтай азайды. Енді бір он жылдан соң өз ішіндегі халықтың табиғи өсіміне арқа сүйеуге тиісті. Десе де оған де сенім артуға болмайды.
Себеп те анық, ол – батыс елдеріндегі аталмыш гендерлік саясат пен ашық демократия орыс ұлтының тарихтан келе жатқан отбасы құндылықтарын қақыратып жіберді. Онсыз да түрлі шектеулерден шаршаған халық бірден батыс елінің өмір сүру үлгісіне еліктей бастаған болатын.
Оған ең алдымен нәсілі мен діни көзқарастары жақын славян тектілермен ұлттық құндылықтардан алшақтап кеткен халықтардың ұрынғаны белгілі.
Оның үстіне басым бөлігінде климат салқын немесе суықтау болғандықтан киім-кешек пен ішіп-жем шығыны да өзге өңірлерге қарағанда көп.
Ал ислам дінін ұстанған және бұрыннан жалғасқан отбасы құндылықтары берік дәстүрге айналған халықтардың өсімі әлі де жақсы. Десе де әр жылғы жоғалған халықтың орнын толтыра алмай отыр.
Бұл үрдіс жалғаса беретін болса, енді бір жүз жылдан кейін Ресейде орыстардың азшылыққа айналып, ондағы түркі тектілер мен қап тауы халықтарының жан санындағы салыстырмасы 60-70 пайыздан асатыны белгілі. Ресей демографтары да солай деп дабыл қағып отыр.
Ал, үкіметтің әйелдер мен балалардың туылуына байланысты жәрдемақы мен қосымша көмектерді көбейтуіне байланысты да демографиялық шегініс аз да болса тоқырады деп айтуға болады. Бұның қаншалық нәтижелі болатынын әлі де ешкім ашып айта алмай отыр.
Бұдан, алдағы уақытта отбасы құндылығын дамытуды Ресейдің ресми қолға алғаны қажеттігін көреміз.
Қытай халқы жаңа қартаю дәуіріне бет алды. Неге?
Енді бір алып көршіміз Қытай – демография мәселесінде әлемді шаршатқан ел. Жалпы қытайлардың да отбасы тәрбиесі мен танымы көп ұрпақ қалдыруға мән береді.
Оның үстіне 1949 жылы құрылған коммунистік Қытайдың сол кездегі басшысы Мау Зыдүң (орысша Мао Цзэдунь): "Адам көп болса, еңбеккүш көп болады, жағдаймыз жақсы болады", "сан сапаға айналады" – деп үндеуін жариялаған болатын. Сол кездің өзінде 400 млн-ды құрайтын қытай халқы 50 жылда миллиардты бағындырды. Тіптен, оны тежеу үшін "жоспарлы туу саясатын" да жүргізіп, жалғыз балалы болуды дәріптеген болатын.
Шынымен де адам санының көптігі Қытайға үлкен бәсекелік күш бергені белгілі. Көптің ішінен нанын тауып жеп, жақсы тұрмыс сүруге ұмтылған миллиондаған адамдар тобы Қытайды алып зауыттар еліне айналдырды. Алайда есесіне экология мен табиғат ресурстарын тоздырып жіберді. Оның үстіне адамгершілік құндылықтардың да қатты шегініске ұшырағаны да жасырын емес. Яғни, ақша мен атаққа табынған жаңа әрі жалғыз ұрпақтың өмірге келгені белгілі.
Соңғы 10 жылдан бері Қытайдың жан санының өсу жылдамдығы кәдімгідей төмендей бастады.
Негізінен өмір сүру және жанбағысқа түскен ауыр қысыммен де байланысты болса керек. Енді бір жағынан 40 жылдан астам уақыттан бері дәріптелген «жоспарлы туу» саясатының әсері. Тағы бір ескерерлік жағдай, Қытайға енген гендерлік саясат пен батыстық дүние таным да көптеген адамдардың санасына сіңе бастаған.
Бейжіңнің Халық университетінің Халықты дамыту және даму орталығынан алынған жаңа деректерге сәйкес, мұндағы 16 жастан 59 жасқа дейінгі халықтың үлесі 2015 жылғы 66,3 пайыздан 2030 жылға дейін 56,9 пайызға дейін төмендейді. Сонымен қатар, 60 жастан асқан адамдардың үлесі (Қытайдағы ерлер үшін қазіргі зейнеткерлік жас) 16,1 пайыздан 25,2 пайызға дейін артады деп күтілуде. Бұл туралы «Global Times» басылымы хабарлап отыр.
Айта кетерлігі қайта Қытай ұлтынан басқа 55 ұлттың үлес салмағы әлі де 8 пайыздан аспай отыр.
Қазақстанды құтқарып тұрған тарихи отбасылық құндылық
Аталарымыз: "бас екеу болмай, мал екеу болмайды", "бір қой егіз туса, бір шөптің басы айыр шығады" – деген секілді мақал-мәтелдер арқылы үйленіп, ұрпақ қалдыруды дәріптеп келеді.
Бұл – "алқа көл, сұлама", "ұлы отан соғысы", "1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық" және 1937-1938, 1958 жылдардағы қуғын-сүргіннің әр кезеңдерінде халықтың жартысынан астамының қырылып кетіп отырғаны, тіптен өз атамекендерінде азшылыққа айналғаны белгілі.
Алайда ата-бабаларымыздан келе жатқан өзара жанашырлық пен ұрпаққұмарлық сынды рулықты негіз етіп қалыптасқан отбасылық құндылық сондағы барлық құлдыраудан құтылдырды.
Тіптен, жылына неше мыңдаған адамдардың шетке кетуіне қарамай, табиғи өсім барған сайын жақсарып келеді. Бұған тіптен жастардың әлеуметтік жағдайы мен тұрғын үй мәселесінің ауырлығы да кедергі келтіре алмады.
Егер әлеуметтік жағдай мен тұрғын үй мәселесі оң шешімін тапқанда, бұдан да үлкен жетістіктерге жететініміз айдан анық.
Батыс елдеріндегі отбасы құндылықтарының кері әсері Қазақстанға да тиіп отыр
Бұл үрдіс Ресеймен шекараласқан солтүстік және шығыс облыстарда қатты байқалады. Шындығында гендерлік саясаттың ұлттық және жыныстық ерекшелікке қарай түзілген қағидаттары – көп дау тудырып келе жатыр.
Гендерлік саясатты әркім әр түрлі қабылдауда. Ал гендерлік теңдіктің оңтүстік облыстардағы отбасылық дәстүрі бұзылмаған халыққа әсері сәл де болса төмен. Себебі, қазақ халқында онсызда әйелдің орны өте жоғары құрметпен теңестірілген.
Кеңес Одағы кезіндегі коммунистік идеология қазақтың ұлттық құндылықтарын жоюға тырысқаны белгілі. Сонымен тым орыстанып кеткен солтүстік облыстарда батыс елдерінің гендерлік саясатына деген құрмет оңтүстік облыстарға қарағанда анағұрлым жоғары болды. Міне бұл халықтың өсімін шектейтін факторға айналды.
Қазақтың отбасы құндылықтары қандай болған?
Ең алдымен тарихи сабақтастықты айтқан жөн. Күрделі де аумалы-төкпелі заман ұрпақты аман сақтап қалуды негіз еткен тарихи отбасылық сана қалыптастырды. Яғни ұрпақты болу, көп болу, ұрпақ үшін жан қию дәстүрі әлі күнге жалғасып келеді.
Екінші жағынан, "туыс көп болған сайын адамның психологиясы мықты, өзіне өзі сенімді болады". Қазақ дәстүрінде "бірге туған бірге өледі", "у ішсең руыңмен", "көрші қақысы – Тәңір қақысы" деген танымдар қалыптасып, әркім өз ұрпағы мен туысы және көршісі үшін жауапкершілік арқалайтын берік ұлттық отбасылық сана қалыптастырды.
Үшінші бір айтпай кетуге болмайтын дәстүр – ата-ананы, қарттарды өле-өлгенше құрметтеп, бағу дәстүрі.
Мысалы, батыс елдерінде және қазіргі батыстың отбасылық құндылығына берілген отбасыларда балалар бәлиғат жасына толған соң, еркіне жібереді. Яғни баласы үшін жауапкершілік арқаламайды. Балалары да әке-шешелерін бағу және көмектесу деген жауапкершіліктен қашады.
Міне бұл бала мен әке-шеше арасындағы отбасы құндылығын ойрандады. Бұл отбасылар үшін, ондай көзқарастағы адамдарға үйлі болып, бала сүю артық жұмыс.
Тағы бір ескерерлік жағдай, қазақтың ұрпақ жалғастырудағы "әмеңгерлік" дәстүрі. Яғни түрлі апаттар мен жаугершіліктен жесір қалған әйелдер де қорғансыз қалмай, тұрмысқа шығарып отырған. Тіптен, бай, манаптар 3-4 әйелге дейін алып, көптеп ұрпақ қалдырғаны белгілі. Бұл да отбасылық құндылық – дәстүр ретінде өз ролін атқарды.
Ақсу қаласы трагедиясы – отбасылық құндылықтардың бұзылуының нәтижесі
2016 - 2017 жылдары Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында жалғызбасты ата-аналардың күрт көбеюі мен бағып-қағусыз қалуынан үйлерінде жалғыз өлуінің көбеюі жергілікті билікті тіксіндірді.
Себебі, жастары оқу не жұмыс қуалап алысқа кеткен. Онсыз да аз балалы болуды өркениетті қоғамның белгісі санап, батыс елдеріндегі әдетті жұқтырған кей ата-аналар балалары үшін ауыртпалықтан қашқан. Ал алысқа кеткен балалары өсіп-өнуіне онсыз да көмек көрсетпеген ата-аналарына өз ретінде көмектесуден бас тартқан.
Осылайша қартайғанда қаңғып қалған қариялар өз пәтерлерінде қараусыз өлген. Бұндай жағдай әсіресе Ресейге кеткен жастардың ата-аналарында көптеп кездескен.
Жалпы, гендерлік саясат болсын, тыныш та бай тірлік кешіп жалқауланған адамдар болсын – жауапкершіліктен жалтарып, отбасы құндылықтарын "көненің қалдығы" саналса да нәтижесінде бір халықтың жоғалуға бет алуына себепкер болғанын көруге болады.
Ағайыны көп болса арқа сүйері көбейіп, өмірге сенімі артады
Батыс елдерінде туыстық байланыс онша дәріптелмейді. Оның үстіне көп жағдайда ағайындылардың өзі бір-бірлеріне салқын қарайды. Сол себепті, бір қиындық туа қалса ешкім асарлатып көмекке келмейді.
Яғни бір-біріне, көршілеріне қарата жауапкершіліктен, өзара құрметтен алыстаған сайын өмір сүру қуаты әлсіреп, өзіне сенімділігі төмендеген именшек топ қалыптасады. Бұл тенденция – батыс елдеріндегі басты дерттердің бірі.
Міне, бұл отбасылық құндылықтан айырылған халықтың тағдыры.