“Қорқақ” атанған үкімет ақыры отставкаға кетті. Сағынтаев бастаған министрлердің сағы неден сынды?
Елбасы шешімі
2019 жылы ақпанның 21-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы үкіметін отставкаға жіберді. Президент атқарушы биліктің ел экономикасында оң өзгеріс жасай алмағанын негізге алды.
– ЖІӨ шикізат ресурстарының есебінен өсіп жатыр. Бірақ, үкімет пен Ұлттық Банк тарапынан ел экономикасының сапалы түрде өсуін қамтамасыз ететін нақты құралдар мен әрекеттерді жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, дегенмен көптеген бағытта нақты нәтиже болмады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің күні кеше жасаған мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз: Министрлік "времянкаларда" тұруға тыйым салуды ұсынды
Президент осыған дейін де Бақытжан Сағынтаев бастаған Қазақстан үкіметін сынға алған болатын. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасының атқарушы билігін Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қаңтар айында жасаған халыққа жолдауы кезінде сынады. Ол кезде Н. Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарына байланысты олқылықтарға тоқталған еді.
Өткен жылдың қазан айында Президент үкіметті тағы да қатты сынап, орнына шет елдерден мамандар аәкелу керек болар деген еді. 2019 жылдың 30 қаңтарында өткен үкімет жиынында Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет мүшелеріне "қорқақсыңдар" деп шүйлікті.
Сонымен, Бақытжан Сағынтаев министрлер кабинетін кезектен тыс жинап, оларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол Президенттің шешімін оң бағалап, алғысын айтты.
Оқи отырыңыз: 21 мыңның жыры: Жәрдемақыны заңсыз алғандардан Үкімет қаржысын қайтару тәртібі әзірленді
Сағынтаев үкіметі неге сын астында қалды?
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мәлімдемесінде әлеуметтік экономиканың жағдайына аса мән бере тоқталды. Жалпы ел экономикасы тұрақты болғанымен, әлеуметтік экономиканың жоғары өсімге жетпегенін айтты.
– Мен ұсынған Үшінші жаңғыру және "100 нақты қадам" ұлт жоспары құрылымдық реформаларды жүргізуге бағытталған болатын. Одан кейін қабылданған "5 институционалдық реформа" шағын және орта бизнес үлесін түбегейлі арттыруға және экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайтып, банктерді тазартып, соттарды және құқық қорғау органдарын деген сенімді арттыруы тиіс болатын. Қазақстан үкіметі бірқатар заңдар мен шешімдерді қабылдаса да, оң өзгерістер жасай алмады, – деді Президент өзінің мәлімдемесінде.
Н. Назарбаев нақты экономикадағы өндірістік сектор мен әлеуметтік дамудағы шағын және орта бизнеске үлкен мән берілуі тиіс еді деп:
– Тиімді жұмыс орындары жеткілікті деңгейде ашылмады. Әсіресе, ауылда. Шағын және орта бизнесті өсім драйвері ретінде қалыптастырмады және оның дамуы әкімдер мен министрлердің негізгі тапсырмасына айналмады. Халықтың табысы мен өмір сапасын арттыру әрбір үкімет мүшесі үшін ең басты мәселе болуын бірнеше рет тілге тиек еткенмін... Бірақ, ол жүйеленбеді, жоспарлар жүзеге асырылмады. Халықтың шынайы табысы артқан жоқ. Отбасылардың бюджетінен азық-түлікке жұмсайтын қаржысы өсіп келеді. Қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен бөлігіне атқарушы билік тарапынан нақты әлеуметтік көмек берілмеді. Мұның бәрі үкіметтегі министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмағанын, оларды тыңдап, мәселелерін шешпегенін білдіреді, – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа Үкімет құрылды. 11-ші Министрлер кабинеті қалай өзгерді?
Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 27 ақпанында өтетін "Нұр Отан" партиясы съезінде халықтың өмір сапасын арттыруға және оларға жасалатын әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталатын бірқатар ұсыныстарды жасайтынын мәлімдеді.
Бақытжан Сағынтаев туралы не білеміз?
Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысы Үшарал ауылында туған. Ол 1985 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті) тәмамдаған.
Бұрынғы премьер-министр өзінің еңбек жолын Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы болып бастаған. Сосын "Қазмет" АҚ бас директоры және "ЛУКойлнефтегазстрой-К" ЖАҚ бас директорының орынбасары қызметінде болды.
Оқи отырыңыз: Үкімет отырысы: "Нұрлы жол" қалай жүріп жатыр? АҚШ-қа қашан ұшамыз?
Бақытжан Сағынтаев тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығында мемлекеттік қызметке ауысты. Ол Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ҚР шағын бизнеске қолдау агенттігі жетекшісінің орынбасары және "Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры" ЖАҚ жетекшісі болды.
Отставкаға кеткен үкімет басшысының соңғы 15 жылдағы қызметі:
- Қазақстан Республикасы Ұлттық монополияларды реттей агенттігі жетекшісі (2004-2007 жылдар)
- "Қазақтелеком" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2004-2006 жылдар)
- "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2012 жыл)
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы шетел инвесторлар кеңесі мүшесі (2012 жылдан бері)
- "Қазагро" Ұлттық Басқарушы Холдингі" АҚ директорлар кеңесінің жетекшісі (2012 жыл)
- Павлодар облысының әкімі (2008-2012 жылдар)
- "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясы жетекшісінің бірінші орынбасары (2012-2013 жылдар)
- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – ҚР өңірлік даму министрі (2013 жыл)
Сағынтаев жыл басынан бері қандай жоспарларды ойластырған еді?
2019 жылдың ақпан айында өткен Үкімет жиынында Бақытжан Сағынтаев министрлерге еңбек төлемінің қорынан бірыңғай жиынтық төлемді жасауды оңтайландыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, ол жеке тұлғаларға салынатын жер мен жылжымайтын мүлік салықтарын біріктіруді міндеттеп еді.
Осы жылдың ақпан айының басында Сағынтаев кәсіби білім беруге арналған жалпыұлттық онлайн-портал жасауды ұсынды. Сондай-ақ, ол бюджет процесін оңтайландыру үшін Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктеріне мектеп құрылыстарын өңірлік деңгейдегі қаржыландыруға беруді міндеттеді.
Ал Астанадағы өрт салдарынан 5 баланың қайтыс болған соң, Бақытжан Сағынтаев елдегі өрт қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Үкімет тағы бір ірі банктен қарыз алайын деп жатыр. Қарыз қандай шартпен алынады?
Сағынтаевтың кетуіне түрткі болған нақты себептер
Нұрсұлтан Назарбаев кеше, 21 ақпанда, жасаған мәлімдемесінде оның барлығын нақты атап өтті. Informburo.kz тілшісі атқарушы биліктің өз міндетін толық орындай алмау себептерін тізбелеп шықты.
Бақытжан Сағынтаев Премьер-министр қызметіне 2016 жылдың қыркүйек айында тағайындалды. Соңғы 2,5 жылда Сағынтаев үкіметі ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жете алғанымен, әртүрлі мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру барысында қиындықтарға тап бола берді. Мысалы, 2017 жылдың қыркүйек айында Елбасы ұсынылған "Цифрлы Қазақстан" жобасының стратегиялық жоспарын зерттей отырып, оның толық емес екендігін айтып, қайта қарауға жіберген болатын.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеше жасаған мәлімдемесінде айтып өткендей, Бақытжан Сағынтаев үкіметі кезінде Қазақстанды тек шикізат экспорттаушы емес, өндірістік елге айналуға бағытталған нақты қадамдарды жасауы тиіс еді. Бірақ Қазақстан ЖІӨ көрсеткіші шикізат өнімдерінің экспортынан түсетін қаржыға тәуелді болып қала берді. Мысалы, 2014 жылдың қараша айынан мұнай арзандай түсті. Сәйкесінше, Қазақстанның ЖІӨ де кеміді. Тек 2016 жылдан бері қарай республикалық бюджет қайта толыға бастады. Себебі мұнай бағасы $27-нан 70-80 АҚШ долларына дейін қымбаттады.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары біріктіріледі. Үкімет қанша адамды үймен қамтиды?
Үкіметті таратуға екінші себеп те ел экономикасымен байланысты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ үкіметі мен Ұлттық Банк басшылығының бірігіп ел экономикасы индикаторларының өсуіне негіз болатын нақты қадамдарды жасамағанын сынады.
Мысалы, Қазақстандағы инфляция мен ұлттық валютаның құнсыздануы дамыған өндірістік елдердегідей әртүрлі экономикалық секторлардың өнімділігінің артуынан немесе кемуінен емес, мұнай бағасы мен импорт көлеміне қатысты өзгереді.
Еліміздегі инфляция нарықтағы тауар айналымының азаюынан емес, тиімсіз экономикалық саясат кесірінен болады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың қаңтар айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын.
Бағдарламалардың тиімсіз болуы да үкіметтің босатылуына себеп болды. Айта кетсек, ел экономикасын диверсификациялауға бағытталған индустрияландыру бағдарламасы 2008 жылғы әлемдік дағдарыстан кейін іске қосылған болатын. Мемлекеттік бағдарламаға сай Қазақстан өндірістік елге айналуы тиіс еді. Жоспар бойынша, 2015 жылға қарай өндірістік сектор ЖІӨ-нің 13 пайызын құрауы тиіс болған. Бірақ, іс жүзінде, бұл көрсеткіш 12 пайызға (2017 жыл) әрең жетті.
Оқи отырыңыз: Саудагерлерге кей азық-түлік бағасына 15%-дан артық қосуға болмайды
Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігі жеткілікті деңгейде қолдау жасалмауы да Қазақ үкіметінің отставкаға кетуіне түрткі болды. Ал осы айдың басында Астана қаласында болған өрттен өмірден озған балалардың жағдайы халық арасында наразылық тудырды.
Нәтижесінде, Қазақстанның әртүрлі қалаларында көп балалы аналар бірігіп, өз арыздарын әкімдерге қарата жібере бастады. Сол себепті де, бұл көп балалы аналарды жәрдемақысын көтеру сынды мәселелер министрлер кабинетінің талқылауына түсті. Қаржы Министрі Әлихан Смайлов көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыны 20 теңгеге дейін көтеруге қосымша қаржы іздестіріп жатқанын мәлімдеді. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек көп балалы аналардың пәтер алуына құрылыс компаниялары тарапынан қолдау іздейтінін айтты. Бірақ берілген уәделер әзірге іс жүзінде жүзеге аса қоймады.
2018 жылы нақты бағыттағы әлеуметтік қолдау жаңа жүйесі іске қосылды. Жаңартылған қолдау жүйесіне республикалық бюджеттен 28,9 миллиард теңге бөлінген еді. Бөлінген ақша жұмыссыз жүрген отбасы мүшелеріне қаржылай қолдау мен оларды кәсіби мамандыққа оқыту жұмыстарын бағытталды. Арнайы орталықтарда жаңа кәсіпті меңгеріп шыққан азаматтар бірден тұрақты жұмысқа орналаса алмады. Бірақ оларға уақытша жұмыс ұсынылды.
Оқи отырыңыз: Бес жылда Қазақстанда 800-ге жуық мектеп бой көтереді
Жұмыссыздық мәселесі де - негізгі себептердің бірі болды. 21 ақпанда жасаған мәлімдемесінде Президент жеткілікті көлемде жаңа жұмыс орындары ашылмай жатқанын айтып өтті. Президенттің 2012 жылы ұсынған "жалпыхалықтық еңбек қоғамы" идеясы да жылдар бойы толық жүзеге асырылмаған. "Жұмыспен қамту - 2020" және "Бизнестің жол картасы - 2020" жобалары жасалды. БІрақ бұл бағдарламалар жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғанымен, нәтижелі болмады.
Өкінішке қарай, соңғы 7 жылда елімізде қуатты өндірістік орындар қалыптаспады. Есесіне, белгіленген көрсеткіштерге жете алмайтын, үнемі үкімет қолдауына тәуелді кәсіпорындар құрылды. Өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев жеке кәсіпкерлерге жеткілікті деңгейде қолдау жасалынбай жатқанын айтып, Үкіметтің тиімсіз жұмысын сынады.
Сондай-ақ, Премьер-министрдің орнынан кетуіне халықтың шынайы табысының өспеуі де негіз болды. Швейфариялық Credit Suisse зерттеу институтының елдердің әл-ауқатына қатысты 2017 жылғы есебінде Қазақстан "кедей елдер" қатарын жатқызылды. Сараптамаға орай, Қазақстанның 97,6 пайыз халқының жылдық табысы 10 000 АҚШ долларынан аспайды.
– Біздің жұмысымыз халықтың табысын арттыруға бағытталған. Егер азаматтардың табысы өспесе, демек, үкімет өз міндетін атқара алмай жатыр, – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің 2018 жылдың мамыр айындағы отырысында.