Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түскен. Бұл түні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең. Осы орайда Informburo.kz Қадір түнінің ерекшеліктері мен қасиетті түннің сауабынан құр қалмау үшін не істеу қажет деген сұраққа жауап береді.

№1. Қадір түні қай күнге жасырылған?

Бұл түн Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады, яғни он түннің біріне жасырылған дейді. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни, Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны – бесеу. Ал 27-түн – Қадір түні болуы ең ықтимал түн. Бұл түнде қасиетті Құран Кәрім түскен. Осы түні жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.

№2. Бес мағынасы

  • Құран Кәрім түскен түн.
  • Құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады.
  • Таршылық. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді.
  • Ұлық түн.
  • Тағдыр бекітілетін түн. Жаратушы осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ, бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.

№3. Ерекшеліктері қандай?

Қадір түнінің мағыналарымен қоса басқа түндерден ерекшеліктері де бар:

  • Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі;
  • Ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді;
  • Құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие;
  • Бұл түнде шайтандар болмайды;
  • Періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі;
  • Бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады;
  • Бұл түн – береке кеші;
  • Иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлар кешіріледі;
  • Бір жылдық тағдыр жазылады.

Оқи отырыңыз: Қадір түнінің 5 мағынасы, 2 белгісі және 9 ерекшелігі қандай?


№4. Белгілері қандай?

Қадір түнінің нақты қай күні болатыны жасырылғандықтан бұл түннің өзіндік белгілері бар:

  • Ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Ол түні ай жарық болады. Мұхаммед пайғамбар: "Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады" деген.
  • Сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Үбай ибн Кәъб (р.а) айтқандай, ол күннің таңында атқан таң өткір сәулесіз болады.
  • Иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды;
  • Нұр байқалады;
  • Кей адамдардың сол түні дұғалары жылдам қабыл болады

№5. Қалай өткізген дұрыс?

  • Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыру;
  • Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнату;
  • Мұхаммед пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанын саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану;
  • Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу;
  • Қадір түнінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруге тиіс.
  • Тәубе айтып, кешірім сұрап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу;
  • Алланы зікір етіп, еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту;
  • Жиі-жиі дұға жасау керек, өйткені дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер. Мұхаммед пайғамбар бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: "Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр".
  • Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу;
  • Қадір түнінің құрметіне бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеу шарт;
  • Шамасы жететін сомада садақа беріп, садақаның қабыл болуын сұрап дұға ету.

Оқи отырыңыз: Қасиетті түнді үйде қалай өткізген жөн?


№6. Қадір түні ұйықтамау керек пе?

Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады. Сол себепті мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат – тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу.

№7. Есік-терезелерді ашып қою керек пе?

Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате түсінік. Бұл түн – құлшылық түні. Алла сіздің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғаныңызды қалайды. Бұл түні сізден өзгеріп, мүлде жақсы адамға айналғаныңызды күтеді.


Оқи отырыңыз: Намаз оқымай, ораза ұстау дұрыс па? Ауыз бекіту үшін білу тиіс 20 сұраққа жауап


 

№8. Кімдердің тілегі қабыл болмайды?

Бұл түнде мынадай төрт топтағы кісінің тілегі қабылданбайды. Олар:

  • арақ ішкіш;
  • ата-анасының қарғысын алған;
  • туыстарынан қол үзген;
  • мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдар. 

№9. Қадір түнінен соң құлшылық жасамаса бола ма?

Ислам ғұламаларының ешбірі, Қадір түнін құлшылықпен өткізуді – мың айлық парыз құлшылықтың орнын толтырады демеген. Бұл дінді дұрыс түсінбеуден немесе діндегі міндетті (парызды) мойнына алғысы келмеуден туындап отырған жағдай. Өйткені діндегі бес парыздың үкімі көптеген аят, хадистер негізінде нақты бекітілген. Ал Қадір түнін құлшылықпен өткізудің үкімі – мүстахаб, яғни ерікті амал.

Жақсы ниетпен Қадір түнін күзеткен адам Алланың қалауымен мол сауапқа бөленеді. Қадір түнін күзетпеген адам күнәһар болмайды. Яғни, Қадір түнін күзеткен кісіге мың айдың сауабы беріледі деу, мың айлық парыз құлшылығын орындамай-ақ қойса болады дегенді білдірмейді.

№10. Пітірді Қадір түніне дейін беру керек пе?

Оразаның пітір садақасын Қадір түнінен бұрын немесе кейін берсін деген ереже жоқ. Халық арасында Рамазан айындағы Қадір түні "тағдыр жазылатын түн" деп ерекше аталатын болған соң кейбір адамдар "Пітір садақамды осы қадір түніне дейін беріп тастайын. Сөйтіп оразамды толықтырып қойған боламын. Тағдырым қайта жазылса мойынымда қарызым болмасын" деген сияқты оймен "пітірді қадір түнінен бұрын береді" деген пікір қалыптасқан болса керек.

Дінде мұндай пікірдің негізі жоқ, яғни пітірді Қадір түніне дейін не кейін берген дұрыс деген сияқты ұстанымдар қате.

Дегенмен пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып берген жөн. Сол үшін ғалымдарымыз "пітір садақасы Рамазан айы кіргеннен бастап, ораза айт намазына дейін беріледі. Уақытында бере алмаған жағдайда кейін берсе де болады, бірақ оның сауабы азаяды" деп кеңес берген.

(Материал muftyat.kz, kazislam.kz ақпараты негізінде дайындалды)