Намаз оқымай, ораза ұстау дұрыс па? Ауыз бекіту үшін білу тиіс 20 сұраққа жауап
Рамазан айы Қазақстанда 2 сәуірде басталып, 30 күнге созылады.Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Islam.kz сайтындағы мәліметтерді пайдалана отырып, оразаның шарттары, міндеттемелері мен әдептеріне қатысты түсіндірме әзірледі.
№1. Кімге ораза тұтпауға рұқсат?
Алыс жолға шыққан жолаушыға, ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқасқа рамазан айында ораза тұтпаса болады. Бірақ кейін қазасын өтейді. Ораза көп зиян тигізбейтін жолаушыға ораза тұту абзал. Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазасын тұтуға тиіс.
Екіқабат әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза ұстамауына болады. Бірақ, кейін қазасын өтеу – парыз.
Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады. Олар Рамазаннан кейін ораза тұтпаған күндердің қазасын өтеуге тиіс.
№2. Ораза ұстаудың орнына підия беруге бола ма?
Рамазан да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілерге, созылмалы дертке шалдыққан науқастарға ораза тұтпай, қаза болған әр күнге підия ретінде бір жарлының бір күндік екі мезгіл тамағын немесе соның құнын ақшалай беруіне болады. Підия кедейлерге, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға, хәлі нашар жандарға үлестіріледі.
Ораза ұстаған адамның ауруы, әлсіздік секілді қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, қалған күндерін Рамазан айынан кейін толтырып береді. Ал туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі секілді сауығудан күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды.
Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия (төлемақы) береді. Підия беруге жағдайы болмаса, төлемнен босатылады. Ол адам Алла Тағаладан кешірім тілейді. Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, оразалардың қазасын өтейді.
№3. Қайтыс болған адамның орнына ораза ұстауға бола ма?
Жоқ, болмайды. Ұстаған ораза марқұмның тірі кезінде ұстамай кеткен оразасының орнын толтырмайды. Алайда әрбір күні үшін пидия беріп тұруыңызға болады. Пидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды. Тірі кезінде себепсіз ұстамаған күндеріне орай есептеп, шыққан соманы марқұмның атынан қаза оразаларының підиясы ретінде бір мұқтаж адамға беруге болады.
Оқи отырыңыз: 2022 жылғы ораза кестесі: Қазақстан қалалары мен елді мекендері
№4. Оразаны не бұзады?
- Әдейі бір нәрсені ішіп-жеу;
- темекі шегу, дәрі ішу;
- аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл жайлы мына хадисте айтылған: "Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес".
- әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейінгі аралықта, аузы берік кезінде жақындасу оразаны бұзады);
- себепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады.
Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат деп Рамазан айының оразасын себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай қатарынан күн салмай ораза ұстау, оған шамасы келмесе, алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады.
№5. Қандай жағдайда ораза бұзылмайды?
- ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды, бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
- ұйқыдан жүніп болып ояну;
- әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
- аузына келген қақырықты жұту;
- түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
- құлаққа су кіру, бұлық ағу;
- темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кіруі;
- еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі;
- қан алдыру немесе сүлік салдыру;
- көзге дәрі тамызу;
- тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды, бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды, дәріні жұтпау шарт;
- ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды, бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
- жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды, бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.
№6. 9 күн ауыз бекіту дұрыс па?
Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс емес. Ораза айын ауру яки жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға болмайды.
Оқи отырыңыз: Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?
№7. Намаз оқымайтын адамның ораза ұстауына бола ма?
Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге "Оразаң қабыл болсын!" деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – саналы әрбір мұсылманның міндеті.
Ораза ұстау үшін намаз оқу міндетті шарт емес, сондықтан намаз оқымайтын адамның оразасы да қабыл болмайды деу – қате сенім.
№8. Ауыз берік кезде бала емізуге бола ма?
Ауыз берік кезде бала емізу оразаны бұзбайды, әрі оразасына еш зияны жоқ. Рамазан айында емізу оразаны бұзбайды.
Емізулі баласы бар және жүкті әйелге ораза тұтпауға рұқсат етілген. Бұл омырудағы баласына немесе іштегі балаға оразаның залалы тиеді деп қауіптенген жанға қатысты. Ал ауыз бекітсе де, сәбиі тоярлықтай сүті азаймайтын ана ораза ұстауы тиіс.
Алда-жалда сүті сарқылып, сәбиге зияны тиіп жатса немесе өзі сырқаттанып, ауыз бекітуі қиындаса, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ, Рамазаннан кейін жіберіп алған оразасының қазасын өтейді.
№9. Оразада спортпен айналысуға бола ма?
Ораза ұстап жүріп спортпен шұғылданудың еш күнәсі жоқ. Бұл оразаны бұзбайды. Дегенмен жай күндердегіден гөрі жаттығулар тізбегін азайтып, уақытын қысқартқаны абзал, мысалы 45 минуттан асырмаған жөн. Аузы берік адамға қажет күш пен бойдағы сұйықтықтың тер арқылы шығып, сарқылмауын қадағалаған болады. Жаттығу уақытын да дұрыс таңдаған жөн: ауыз ашардан жарты не бір сағат бұрын, ауыз ашқаннан кейін 2-3 сағаттан соң.
Оқи отырыңыз: Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал
№10. Ораза кезінде абайсызда су жұтып қойған адам не істейді?
Рамазан айында ауыз бекіткен адам абайсызда немесе әдейі оразасын бұзса, сол күнгі оразасын соңына дейін ұстауы керек. "Абайсызда" дегеніміз, мысалы, дәрет алып жатып байқамай су жұтып қойса, таң атпады екен деп сәресін жеуді тоқтатпаса. Ал "әдейі" дегеніміз – ораза екенін біле тұра әдейі су ішу не тағам жеу, я болмаса, біле тұра жыныстық қатынасқа түсу және тағы басқа.
№11. Тіс арасындағы тамақ қалдықтарын жұту оразаны бұза ма?
Тіс арасындағы тамақ қалдығы бұршақтың көлеміндей не одан үлкен болса, оны жұтқан жағдайда ораза бұзылады. Қаза керек, бірақ кәффарат қажет етпейді. Бұршақтан кішкенелері жұтылса ораза бұзылмайды. Алайда мұндай кішкене қалдықтарды ауыздан шығарып, қайта жұтса ораза бұзылады. Ораза қазасын ұстау керек.
№12. Ауыз бекіткенде тіс пастасын қолдануға бола ма?
Ораза ұстаған адам ауызын тазалауына болады. Кей ғалымдар тіс пастасын қолданарда ішке кетіп қалмауын қадағалағанмен, оның дәмі, бәрібір, ауыз қуысында ұзаққа сақталып қалады. Сондықтан ораза ұстаған адамға тіс пастасы да мәкрүһ деген пікірде. Алайда оны қолдануға рұқсат, Тек ішке кетіп қалмауына көңіл бөлсін дейтін ғалымдар да жоқ емес.
Ішке кетіп қалу ықтималдығы болғандықтан, аузы берік кезде тіс пастасын қолданбаған абзал. Ал қолданғысы келген кісілер, ішке кетіп қалмау жағын қатаң ескергені жөн. Тіс пастасы ішке кетіп қалса, ораза бұзылады. Ең абзалы – тісті таң намазы кірмей тұрып жуу.
Оқи отырыңыз: Ораза жайлы мифтер. Не шындық, не жалған?
№13. Денесінің бір жерін кесіп алғанда, тіс пен мұрын қанағанда ораза бұзыла ма?
Жарақаттан аққан қан оразаны бұзбайды. Адам бір жерін кесіп алып, ол жерден қан ақса оразаға зияны тимейді. Бастысы қанды жұтпау керек. Мысалы, саусағын кесіп алған кісі оны аузына апарып, қанын жұтып жатса оразасы бұзылады. Бір күн қазасы керек.
Тіс қанаса да, ораза бұзылмайды. Бірақ көп мөлшерде аққан қанды жұтпай, сыртқа шығарып тастап отыру керек. Көп мөлшерде қан жұтса ораза бұзылады. Қазасын өтеу керек. Қанның аз не көп екенін түкірікпен салыстыруға болады. Түкіріктің көп бөлігі қан болса көп қан, ал жарымынан азы аз қан.
Ауыз берік кезде мұрын қанаса ораза бұзылмайды. Тек мұрындағы қанды жұтапу керек. Қан тамаққа кетіп жұтылар болса ораза бұзылады. Рамазаннан кейін бір күн қазасы өтеледі.
№14. Ораза кезінде мұрынға дәрі тамызуға не спрей қолдануға бола ма?
Мұрынның ішкі құрылысы ас өтетін өңешпен байланысатындықтан оған тамызылған дәрінің ішке кетіп қалу қаупі басым. Сол себептен мұрынға тамызылған дәрі оразаны бұзады деуге негіз бар.
Спрей сияқты препараттарды шашқанда дәрі кеңсірікте тұрып, әрі қарай ішке қарай кетпесе, бұл оразаны бұзбайды.
№15. Ішімдік ішкен адам ораза ұстай ала ма?
Ішімдік ішу – ауыр күнәнің бірі. Аз ішсе де, көп ішсе де ауыр күнә жасаған болып саналады. Ораза ұстау әрбір балиғат жасына толған мұсылман парызы, сол себепті ішімдік ішкен адам ораза ұстаудан босатылмайды. Күнәға тәубе етіп, ораза ұстаған абзал.
Оқи отырыңыз: Ораза қазасы немесе қарызы. Оны қалай өтейді?
№16. Жанған бір заттың түтінін жұтып, оны иіскесе ораза бұзыла ма?
Түтінді әдейі жұтпай, еріксіз өздігінен ішке кірсе оразаға зияны жоқ. Ал оны әдейі ішке тартып иіскеу немесе әдейі жұту оразаны бұзады. Рамазаннан кейін сол күннің қазасын өтеу керек. Бұл жағдайды гүлдің, әтірдің және тағы да басқа заттың иісін иіскеумен бірдей көрмеу керек. Әтірдің немесе гүлдің иісін иіскеу оразаны бұзбайды. Темек оразаны бұзатындықтан, аузы берік бола тұра темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады.
№17. Ауыр науқасқа ораза ұстау күнә емес пе?
Науқас кісінің ораза ұстауы кейде уәжіп, кейде мубах (рұқсат) болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы – уәжіп, яғни міндет. Ораза ұстау оған күнә болып есептеледі. Ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат.
Ораза ұстауы өлімге немесе сал болып қалу секілді адам өміріне немесе ағзасының бірін істен шығаруға әкелер болса, ол кісіге ораза ұстау – күнә, аузын ашу – уәжіп. Ораза ұстай алмайтындар підия бере алады.
№18. Аузы берік кісі талып қалса, оразасы бұзыла ма?
Оразаға ниет етіп, ауыз бекіткен кісі талып қалса және есін жию үшін ештеңе ішпесе оразасы бұзылмайды.Бұл күннің қазасын өтеу парыз емес. Есін жинау мақсатында су ішкен жағдайда сол күннің қазасын өтеу керек. Есінен тануы көпке созылса, айыққан соң кейінгі күндердің қазасын өтейді.
Оқи отырыңыз: Оразаға 7 күн қалды. Не істеп үлгеру керек?
№19. Екпе егу, ине салу оразаны бұза ма?
Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды.
Қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) деп екіге бөліп қарастырады. Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды.
Екпе адам ағзасына жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егіледі. Ол қажетті азық немесе ағзаға қуат беретін дәрумен емес.
Ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Ораза кезінде қатты қажет болмаса, дәріні ауыз ашқаннан кейін немесе рамазан айынан тыс күндері алған дұрыс.
№20. Оразада крем жағуға бола ма?
Терідегі ұсақ тесіктер арқылы ет пен терінің арасына сіңген заттар оразаны бұзбайды. Мысалы, крем, май жағу, судың ішінде ұзақ тұру, жараның бетіне дәрі таңу және т.б. Тек крем не майды жаққан кезде тым қалыңдатпаған жөн. Қалың жағылған крем не май дәрет алғанда суды теріге жеткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды.