Коронавирус пандемиясы кезінде кеңседегі жұмысынан бас тартып, кез келген жерде отырып жұмыс істеуге көшкендер көбейді. Ешкімге бағынышты болмай жұмыс кестесін өзі белгілейтін фрилансер болу оңай көрінгенімен, олар да салық төлеп, әлеуметтік төлемдер ала алады. Informburo.kz фрилансер құқығына қатысты негізгі сұрақтарға жауап береді.

№1. Фрилансер деген кім?

Қазақстан заңнамасында "фрилансер" деген ұғым жоқ. Фрилансер – компания штатында жоқ, жұмыс берушімен еңбек шартын жасамайтын, жұмысты азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт бойынша орындайтын тұлға. Шарт жазбаша да, ауызша да болуы мүмкін. Осы шартқа сәйкес жүктелген міндетті орындағаны үшін фрилансер қаламақы алады. Фрилансер кеңсеге келмей үйде немесе кез келген жерде отырып жұмыс істей береді және нақты жұмыс кестесі жоқ.

№2. Штаттан тыс қызметкер де фрилансер санала ма?

"Штаттан тыс қызметкер" – заңсыз түсінік. Тұрақты түрде белгілі бір міндетті орындайтын кез келген қызметкер кеңседе не үйде жұмыс істесе де, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сүйенеді. Қашықтан жұмыс істесеңіз де, жұмыс беруші жұмыс кестесін сақтауға және тиісті салық аударымдарын төлеуге міндетті.

Кей жағдайда жұмыс беруші салықтан және әлеуметтік төлемдерді төлеуден жалтару үшін штаттағы қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге жібереді. Мұндай даулы мәселелер туындаған жағдайда және оны сот тәртібімен реттегенде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт еңбек шарты деп танылуы мүмкін. Жұмыс беруші Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес жауапкершілік алады.

№3. Фрилансерге жұмыс беруші әлеуметтік төлемдер төлей ме? 

Егер фрилансер заңды тұлғаға қызмет көрсетсе, онда жұмыс берушімен азаматтық-құқықтық шарт жасауға тиіс. Осылайша жұмыс беруші фрилансер қызметін қысқа мерзімге пайдаланса да, зейнетақы жарнасы мен жеке табыс салығы ретінде еңбекақыдан 10% ұстап қалуы керек. Қазақстанда жеке табыс салығының мөлшері табыстың барлық түрі үшін – 10%, ал дивиденд үшін 5%-ды құрайды. 

Әлеуметтік медициналық аударымдарды да жұмыс беруші төлейді. 2021 жылы МӘМС жарнасы қызметкердің жалақысының 2%-ын құрайды. 


Оқи отырыңыз: Өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға кім жатады? Оларға салық қалай салынады?


№4. Фрилансер ретінде жұмыс істеу үшін тіркелу қажет пе?

Иә. Қазақстанда фрилансер кәсіпкерлік қызметті екі жолмен жүзеге асыра алады:

  • өзін өзі жұмыс қамтушы ретінде тіркелу;
  • жеке кәсіпкерлік рәсімдеу. 

№5. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде қалай тіркеледі?

Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлегеннен кейін өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде автоматты түрде тіркеледі. ҚР Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, БЖТ-ны жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсететін, жылдық табысы 1 175 АЕК аспайтын азаматтар пайдалана алады.  

БЖТ төрт төлем түрін біріктіреді:

  • жеке табыс салығы (ЖТС);
  • мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;
  • БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдері;
  • міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

БЖТ ай сайынғы мөлшері:

  • Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (2021 жылы – 2 917 теңге);
  • Басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК (2021 жылы – 1 458,5 теңге).

Бұл төлемді кез келген банк кассасында, мобильді қосымшаларында, сондай-ақ "Қазпошта" бөлімшелерінде төлеуге болады.

№6. Жеке кәсіпкерлікті рәсімдеу үшін не істеу керек?

Фрилансер жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланар болса немесе жеке кәсіпкерліктен түсетін жылдық табысы ең төменгі жалақының 12 еселік мөлшерінен (2021 жылы: 42 500 * 12 = 510 000 теңге) асатын болса, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. 

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу үшін жеке тұлға салық органына екі түрлі жолмен орналасқан мекенжайы туралы хабарландыру жолдайды: бірі – e-license порталы арқылы, екіншісі – халыққа қызмет көрсету орталығында қағаз құжаттар арқылы. Бұл ақысыз негізде жүзеге асырылады. 

Жеке кәсіпкерліктің басталғаны туралы Kaspi.kz және Halyk Bank қосымшаларында да өтініш беруге болады. Салық органдары хабарламаны алған соң бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге қояды.

Онлайн тіркеу үшін ЭЦҚ кілт болуы қажет. ЖК тіркелгенін www.kgd.gov.kz сайтынан немесе e-Salyq Azamat қосымшасынан тексеруге болады. 


Оқи отырыңыз: Бірыңғай жиынтық төлем дамыған елдерде жоқ


№7. Жеке кәсіпкер қандай аударымдар төлейді?

Жеке кәсіпкер әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымын төлеуі қажет. Жеке кәсіпкерлік үшін жарна көлемі 1,4 еселенген АЕК-нің 5% құрайды. 2021 жылы басқа да әлеуметтік аударымдар кәсіпкер өзі анықтайтын табыстың 3,5%-ына тең. Сондай-ақ, кәсіпкер әр жұмысшы үшін жалақының 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлеуге тиіс.

№8. БЖТ төлемей фрилансер ретінде жұмыс істеуге бола ма?

Қазақстан Республикасы азаматтары БЖТ төлеуге міндеттелмейді. Алайда салықтың бұл түрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік және медициналық кепілдіктерінің сақталуына мүмкіндік береді.

Фрилансер салық аударымдарын төлемесе МӘМС базасына енгізілмейді, осылайша мұндай азаматтар үшін өз бетімен медицина қызметтерін алу қымбаттай түседі.

№9. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты қалай жасау керек?

Дұрыс рәсімделген шарт тапсырыс берушінің де, оны орындаушының да мүддесін қорғайды. Шарт тараптары жеке тұлға (орындаушы), ЖШС немесе жеке кәсіпкер бола алады. АҚС шарты белгілі бір қызмет көлеміне сай жасалады. Мұндай шарт ҚР Азаматтық кодексімен реттеледі және оның екі түрі бар: 

  • Мердігерлік шарт: бір тарап екінші тараптың тапсырысымен белгілі бір жұмысты орындауға және нәтижесін тапсырыс берушіге бекітілген мерзімде тапсыруға міндеттеледі. Ал тапсырыс беруші жұмыс нәтижесін қабылдап, ақысын төлеуге тиіс. 
  • Өтеулі қызмет көрсету шарты: орындаушы тапсырыс берушінің тапсырысымен қызметтерді көрсетуге тиіс, ал тапсырыс беруші қызмет ақысын төлеуге міндеттеледі. Өтеулі қызмет көрсету шартына мердігерлік шарттың жалпы ережелері қолданылады.

АҚС шарт бойынша жеке тұлға жұмысты өз бетімен орындайды. Заңнама бойынша АҚС шартының әрекет ету мерзіміне шектеулер жоқ. Сондықтан жасалған шарт тараптар белгілеген мерзім ішінде жарамды болуы мүмкін. Шартта жұмысты орындау мерзімі, яғни оны бастау мен аяқтау уақыты көрсетілуге тиіс. 

Шартта атқарылған жұмыс (көрсетілген қызмет) бағасы көрсетіледі. Егер шарт жасасу кезінде қызмет сомасы анықталмаса, шартта оны анықтау тәсілі көрсетіледі. Шарт бойынша тараптар атқарылатын жұмыс не қызмет есебіне алдын ала төлем жасай алады, не болмаса қызмет ақысы жұмыс аяқталғанда төленеді. 

Атқарылған жұмыстарды қабылдау не тапсыру үшін атқарылған жұмыстар актісі толтыру керек. Акт формасы бекітілген.

№10. Фрилансер еңбек демалысына шыға ала ма?

АҚС шарты бойынша тараптар – орындаушы мен тапсырыс беруші. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы секілді штаттағы қызметкерге ұсынылатын кепілдіктер мен жеңілдіктер АҚС шартында көзделмейді. Сол себепті АҚС шарты бойынша орындаушы еңбек демалысын талап ете алмайды. Жұмыс беруші салықтарды және бюджетке төленетін міндетті төлемдерді төлеуден, соның ішінде қызметкерге еңбек демалысы мен еңбекке жарамсыздық парағын ұсынудан жалтару үшін қызметкермен еңбек шартын емес, әдейі АҚС шартын жасасуы мүмкін. Мұндайда еңбек қатынастары күрделене түседі. Сол себепі шартты толық оқып, талдау жасаған соң ғана қол қою керек.