Аутизм үкім емес. Қолөнер шебері Адельдің тағдыры
Кейіпкеріміздің аты-жөні – Адель Мұқатай. "Адель" сөзі байырғы неміс тілінен аударғанда (түбірі "Аdal") адал, әділ һәм мейірбан деген ұғымға саяды екен. Есімін Адельдің әкесі қойыпты. Атына заты сай 15 жастағы бойжеткен байсалды, сабырлы әрі ісіне ұқыпты. Бір көргенде өз қатарластары сияқты, бөліп-жарып, ерекшелігін тап басып көре алмайсың. Өйткені ойы зерек, өзі алғыр, айтқаны әңгімесі орынды.
Сонда да Адельді басқалардан тұйық мінезі ерекшелейді. Ашық әңгіме-дүкен құрып, адамдармен араласып кетуі қиын, сөздің адамы емес. Етене жақындары болмаса, бөгде адамдарды жатырқайтыны да бар. Дидарласының ашық-жарқын, мейірімді екенін сезсе ғана, ашылып сөйлесуі мүмкін. Сезімсіз адамдарға деген қарым-қатынасы суық.
О баста дәрігерлер Адельдің тек сөйлеу қабілетінде кінәрат бар деп қуантып, ұдайы логопед-мамандарға бағыттап отырған. Өкініштісі, бойжеткеннің бойындағы аутизм белгілері балиғат жасынан асқан шағында ғана анықталған.
Педагог-мамандар "Балаңыз білім алуға қабілетсіз" деді
Анасы Айгүл Қасенова баласы үшін бар жұмысын тастаған, үнемі қызының қасында. Он жылдан бері талай дәрігердің алдынан өтіп, айтқанын істеумен болған. "Біз бармаған маман қалмаған шығар. Педиатрдан бастап психолог, психиатр, невропатолог және тағысын тағылардың қабылдауында болдық. Қандай оңалту шараларынан өтпесек, Аделдің сөйлеу, сөз саптауындағы кемістігі оңала қойған жоқ.
Бірде түрлі ғылыми-медициналық мақалаларды оқып алып, дәрігерден "Бәлкім қызымның бойында аутизм белгілері бар шығар" деп сұрағанымда әлгі маман: "Сіз не айтып тұрсыз? Балаңызды мұндай аты жаман дүниеге қалай қиып отырсыз? Аутизм дегеннің не екенін білемісіз?" деп дүрсе қоя бергені бар", – дейді Айгүл. Ол уақытта балалардың бұл ерекшелігіне деген көзқарас мүлдем басқа еді.
Әттең, кештеу анықтадық
Адель биылғы жылдың сәуір-маусым айларында "Асыл мирас" атты аутизмі бар балаларға арналған оңалту орталығында болды. Ондағы оңалту шаралары басталмас бұрын, Айгүл ата-аналарға арналған екі апталық "Әлеуметтік дағдыларын дамыту" курсынан өтеді. Бір топта екі педагог, үш оқушы және ата-аналары. Осы орталықта Адельдің бойында аутизм белгілері бар деген тұжырым жасалады.
Бұл тұрғысында Айгүл:
– Екі апталық семинарда көп дүние айтылды. Аутизмі бар балалардың әр жаста қандай ерекшеліктері болатыны, ол уақытта ата-ана қандай шара қолдану керектігі жайында көп мәлімет алдым. Соларды қорытып, анализ жасаған кезде Адельдің бойында аутизм белгілері бала күнінен болғанын байқадым, – дейді.
Аутизм белгілерінің қызының бойынан кештеу анықталғанына іштей қынжылатын Айгүл ерте бастан әлеуметке бейімдеу орталықтарымен жұмыс істегенде, бәлкім бүгінде түбегейлі өзгеріске қол жеткізетін едік деген пікірде.
Адель сұхбатқа қалай дайындалды?
Адель сұхбаттасуды тағатсыздана әрі ерекше ынтызарлықпен күтіпті. Әр қойған сауалыма бар ынта-жігерімен жауап беруге тырысты, жауапкершілік деп осыны айт. Өзіне ұнайтын қанық көк түсті көйлегін киіп, қолаң шашының ұшын бұйралап та қойыпты. Көк түсті таңдауының да өзіндік сыры бар шығар. 2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм мәселесі жайында ақпарат тарату күні аясында былтыр дүниежүзінде көк түспен көмкерілген көптеген шаралар өтіп еді. Әлемде аутизм ауытқуы көбіне ұл балаларда кездесетін болғандықтан, бұл күннің символы ретінде қанық көк түсті таңдалғаны есімізде. Әлемнің түкпір-түкпірінде аутизм мәселесі жайында ақпарат таратуға бағытталған шаралар да "Зажги синим" деген ұранмен өткені бар.
Адельдің көк түсті көйлегі де сол насихат науқанына қосып отырған өзіндік үлесі іспеттес.
Қолөнер ұқыпты болуға үйретеді
Бос уақытында кітап оқығанды, тігін тігіп, кесте тоқығанды, сурет салғанды ұнатады екен. Болашақта дизайнер болсам дейді. Өзі жасаған қолөнер бұйымдарын қыздың жиған жүгіндей етіп, бір бұрышқа жинап қойыпты.
– Мектепте еңбекке баулу сағатында кестелеп тігін тігуді, моншақпен көмкеруді үйрендім. Қолөнер ұқыпты болуға үйретеді, онда әр деталь маңызды. Әрі шығармашылық ойлау қабілетіңді шыңдайды, – дейді Адель.
Оқшау орта
Бүгінде республика бойынша аутизм ауытқуы бар балаларды бейімдеу орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және тағы басқа түрлі бөлімшелер бар. Былтырғы статистикалық дерекке жүгінсек, еліміздегі аутизмі бар балалардың саны төрт мыңға жуықтайды екен. Солардың 50 пайыздайы, яғни 1942 бала – 7-18 жас шамасында. Олар ел қатарлы білім алып, сабақ оқуы тиіс. Ал 40 пайыздан астамы, яғни 1534 бала 3-6 жас аралығында мектепке дейінгі мекемелерге баруы қажет. Қалған 9 пайызы – үш жасқа дейінгі нәрестелер. Бұлардың тек үштен бірі білім беру мекемелеріне жіберілген.
"Ашық әлем" қорының мәліметіне сенсек, еліміздегі аутист балалардың 60 пайызында қоғамға бейімделуге мүмкіндік жоқ, яғни қоршаған ортадан түрлі факторлардың салдарынан шеттетілген. Дұрысында, қоғамдағы "қарапайым" адамдар оларды ерекшелігі үшін шеттеткен. Мұндай балалардың тек 21 пайызы жалпы білім беретін мекемелерде өзгелермен тең білім алуда.
Инклюзивті сыныпқа ауыстық. Қуанышымда шек болмады
Адель 1,5 жасында арнаулы балабақшаға барады, жеті жасында дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған "Жанұя" мектебі табалдырығын аттайды. "Жанұяны" таңдауының себебін Адельдің анасы былай түсіндіреді: "Бұл мектепте сөйлеу, сөз саптауында проблемасы бар балаларға арналған сынып ашылды. Алайда, араға бір жыл салып, әлгі сыныпты жапты да, арнайы жеңілдетілген бағдарламамен оқитын сыныпқа ауыстырды". Айгүл қызының жоғары бейімі мен қабілетін байқап, Адельді басқа сыныпқа ауыстырғысы келеді де, комиссия мүшелері, ұстаздар қауымымен көп кеңеседі.
Алайда педагог-мамандар "балаңыз қалыпты бағдарламаға сай білім алуға қабілетсіз" деп, Айгүлді осы шешімнің дұрыстығына сендіреді.
Бастауышты аяқтап, жоғарғы сыныпқа өткен уақытында Адельге бұрыңғыша сынып жетекшісі ғана емес, әр пән бойынша бірнеше ұстаз сабақ береді. "Бір жиналыста пән мұғалімдері маған "Адельдің білім алуға деген ынтасы ерекше, қарым-қабілеті де зор. Қызыңыздың мүмкіндігін неге шектеп отырсыз? Жалпы орта мектептердегі инклюзивті сыныпқа шұғыл ауыстырыңыз" деген кеңес берді. Сонда қуанышымда шек болмады. Адель 6 сыныпқа дейін аталмыш білім ордасында оқып, кейін №72 орта мектепке ауысады. Онда да Айгүл комиссияның талай кедергісі төтеп беріп, ақыры қызының алғырлығын дәлелдеп, алып кетеді. Бүгінде Адель – 9 сынып оқушысы, сабақ үлгерімі жақсы.
Педагогикалық-психологиялық көмек қажет
Қазіргі таңда аутизм ауытқуы бар балалардың құқығын қорғау, олардың мәселесін зерттеп, сол турасында еліміздегі нормативтік-құқықтық заңнамаларға өзгертулер, яки толықтырулар енгізуге бағытталған түрлі бастамалар көтерілуде. Өйткені, ерте жастан диагностика жүргізіп, жұмыс бағытын дұрыс құрастыру арқылы жақсы нәтижелерге жету мүмкіндігі жоғары. Психологиялық сауатты құрылған бағдарлама баланың өмірге бейімделіп, қоршаған ортада өз орнын табуына бағыт беретінін айтады мамандар. Қазіргі кезде балаларға педагогикалық-психологиялық көмек көрсетуде көптеген әдіс-тәсілдер қолданылады. Әр әдістің өз ерекшелігі, тиімді және тиімсіз жақтары бар.
Әр баланың қажеттілігін, ерекшелігін ескере отырып, жеке тиімді әдіс таңдалса, бұл балалардың қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік зор.
Қоғамды да бейімдесек игі
Бұдан өзге "аутизмі бар балалардың негізгі арманы – қоршаған ортаға бейімделу десек, бұл үміті қоғамның көмегінсіз ақталмайтыны анық" дейді Айгүл.
– Бұған қоғам түсіністікпен қараса. Мұндай балалар бөтен ортаға келіп, өзін жайсыз сезіне бастаса болғаны, айқайлап, ашуланып өзін-өзі ұстай алмай жатады. Ата-анасы оған сол ортаның да жақсы екенін түсіндіріп, баласын тыныштандыруға тырысатыны анық. Соны түсінбей "балаңызды алып, кеңседен шығып кетіңіз" деп талап етіп жататын жағдайлар аз емес. Біз аутизм ауытқуы бар балаларды қоршаған ортаға бейімдеуіміз керек дейміз, қоғамды да бір уақыт осындай балалардың жағдайына бейімдесек игі, – дейді Адельдің анасы.