Дәрігерлер кіндік қан онкогематологиялық ауруларды (қан ауруы) емдеу, бет терісін жасарту, еркектің қуатын арттыруға пайдалы дейді. Ол саудалана ма, оны жинақтау шарты қандай?

Кіндікбау қаны қалай және қандай жағдайда алынады? Ол бала мен ана өміріне қауіпті емес пе? Бұл дамыған медицинаның өмірге енген жаңалығы ма, жоқ әлде "қасапшы" дәрігерлердің "қара" бизнесі ме?

Әрине Атыраудағы жағдайды кіндік қан жинаумен байланыстырмаймыз, бірақ осы мақаланы жазуға түрткі болғаны рас.

Оқи отырыңыз: Қан доноры болу қауіпті ме? Маман кеңесі

Кіндік қан неге ем?

Жаңа босанған әйелден кіндік қаны жинақталып, ол кіндік қаннан гемопоэтикалық дің жасушалары бөлініп алынады. Бөлініп алынған дің жасушалары онкогематологиялық қан ауруларын емдеуге қолданады. Тіпті елордада кіндік қаннан бөлініп алынған дің жасушаларын сақтайтын банк те бар. Онда 800-ден астам қан үлгісі сақталып тұр.

Дәрігерлер жас босанған анаға бас салып кіндік қанын жинаймыз деп қолқа салмайды. Белгілі бір медициналық көрсеткіштер болса ғана, оның өзінде ана мен баланың денсаулығын мұқият тексеріліп, босанатын жас ана кіндік қанды жинақтауға келісім хат бергеннен соң ғана кіндік қан жинақталады. Жас босанатын ана кіндік қанды жинақтаудың кез келген сатысында кіндік қанның доноры болудан бастарта алады. Ол үшін ананың ауызша түрде айтса да жеткілікті.

Оқи отырыңыз: Қазақ ұғымындағы қанның қасиеті мен қасіреті. Қан, тамыр ұстау және қан алу мен сіңіру туралы тарихи түсініктер

Трансфизиология ғылыми-өндірістік орталығының криобиология бөлімшесінің зертхана маманы Мария Ахаеваның айтуынша, бұл Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқан сала.


Мәрия Ахаева / Фото informburo.kz

Кіндік қанды жинаудың екі түрі бар

Екеуі де тегін.

Кіндік қанның дің жасушаларын донорлық және дербес сақтау деген ұғымдар бар.

"Донорлық сақтау. Кіндік қанды тегін донациялауға негізделеді және кейін реципиент организміне сәйкес үлгіні алдын ала іріктей отырып, дің жасушалары үлгілері қан ауруларына шалдыққан пациенттерді емдеуде пайдаланылады.

Оқи отырыңыз: Тамыр ұстағанның бәрі емші емес. Қазақ емі мен халық емшілігін шатастырмаңыз

Дербес сақтау. Медициналық айғақтар бойынша транспланттау жүргізу үшін онкогематологиялық ауруларға шалдыққан мүшелері бар отбасы үшін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, дербес сақтау ата-аналар баланың кіндік қанын сақтағысы келген жағдайда келісімшарт негізінде жүзеге асырылуы мүмкін, алайда практикамызда мұндай үлгілер талап етілмейді және де клиникалық құндылықтары жоқ", – дейді Мария Ахаева.

Донор – анасы

Ескеретін жәйт, кіндік қанның доноры – жас босанған ана. Бала туғаннан кейін жолдасы шыққаннан соң бала жолдасының қуыс тамырынан алынады. Бұл, мамандардың айтуынша, балаға да анаға да еш зияны жоқ процедура.

Басты назарда ана мен бала денсаулығы. Плацентадағы қан балаға өтіп болғаннан кейін, екі жақтан – бала мен жолдасы жағынан қысқышпен қысады да, бала жолдасының қуыс тамырынан қан сорып алынады.

Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?

Баланың өзінде қалуы тиіс қан қалады. Егер ол қан да кетіп жатса, қан алу дереу тоқтатылады (Бірақ спикер бала жақтан қан кетіп жатқанын дер кезінде және қалай анықтайтыны туралы ашып айтпады).

Қан алу үшін ананың жазбаша түрде келісімі керек. Және оның кез келген сәтте донорлықтан бас тартуға құқы бар. Ол үшін жазбаша емес, ауызша ескертуі жеткілікті. Сонымен бірге ананың және оның отбасының денсаулығы кіндік қан донорына қойылатын талаптарға сай келуі керек.

Трансфизиология ғылыми-өндірістік орталығы Қазақстандағы жалғыз дің жасушаларының донорлық банкі. 2009 жылдан бері жұмыс жасайды. Бүгінде 840-тан астам қан үлгісі донорлық және дербес сақтауда тұр.

"Кіндік қанның емдік қасиеті жоғары"

"Кіндік қан гемопоэздік дің жасушаларының балама көзі. Оның құрамында дің жасушаларының басқа түрлері де бар. Сондықтан кіндік қан дің жасушаларының әлеуеті өте жоғары бағаланады. Кіндік қан бірқатар гематологиялық, онкологиялық ауруларды, кейбір иммун тапшылығы жағдайларды емдеу әдістерінің бірі. Мысалы, химиятерапиядан кейін қан өндірім қабілетін қалпына келтіру үшін қолданылады", – дейді маман.

Оқи отырыңыз: Қан тапсырам деп жан тапсырды. Астана ауруханаларында адам өлімінің жиілеуіне не себеп?

Айтуынша, емдеуші акушер-гинекологтар алдарынан өткен жүкті әйелдерге кіндік қан туралы ақпарат беруі керек.

Бәрі түсінікті. Бірақ банктің (кіндікбау қанын сақтайтын) жұмыс жасағанына он жыл болса да, екі баланы дүниеге әкелген мен (автор), осы уақытқа дейін учаскелік гинекологтің кіндік қанды жинау туралы жақ ашқанын көрмедім. Айналамдағы аяғы ауыр әйелдердің де ол туралы әңгімесін естіген емеспін.

Түсініксіздігі, сонда банк кімдерді хабарландырып жүр? Кіндікбау қанының емдік қасиеті жоғары болса, оны отбасына болашақта неге аналар білмейді?

Кіндік қанының "қара" саудасының бар екенін мамандар жоққа шығармайды

"Кіндік қан дің жасушаларының потенциалы өте жоғары. Оны косметологиялық мақсатта да қолдануға болады. Шет елде еркектің қуатын арттыру мақсатында кеңінен пайдаланады. Кіндік қан саудасының қара саудасы да бар болуы мүмкін. Бірақ біздің орталық заң аясында жұмыс істейді", – дейді Мәрия Ахаева.

Айтуынша, кіндік қаннан бөлініп алынған дің жасушалары өте ұзақ сақталады. Ғылыми деректерде олардың 40 жылға дейін өміршең болатыны жазылған. Бізде 20 жылға дейін сақталады.

Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?

"Кіндік қанды сақтау үшін 120 мл жиналуы керек. Трансплантациялаудың талаптары бойынша +22 градуста бізге жеткізіледі. 48 сағат ішінде біз өзімізге керек дің жасушаларын бөліп аламыз. Содан жасушаларды санаймыз, криосақтау үшін бөлініп алынған дозада кем дегенде 200 мың клетка болуы шарт", – дейді Мәрия Ахаева.

"Екі ота сәтті өтті"

Мәрия Ахаеваның айтуынша, бүгінгі таңдау дәрігердің нұсқауы бойынша осы орталықта сақталған кіндік қанның дің жасушаларымен екі транспланттау отасы жасалған. Біреуі "Ана мен бала" ұлттық ғылыми орталығында, екіншісі Түркия мемлекетінде. Екі ота да оң нәтиже берген.

Астанада кіндік қанды ақылы сақтайтын басқа банк те бар

Мұнда хабарласып, баланың кіндік қанын сақтаудың шарттары мен оны пайдалану аясын сұрап көрдік (редакцияда әңгіменің аудиожазбасы сақталған).

"Бастапқыда сізбен келісім шарт жасаймыз. Оның бағасы 700 мың теңге, бұл сомаға кіндік қанды 10 жыл сақтау қызметі де кіреді. Жаңа жылдан бастап қымбаттайды", – дейді өзін сол банктің қызметкерімін деп таныстырған әйел адам.

Түсіндіруінше, банк перзентханамен алдын-ала сөйлесіп, арнайы акушер бекітіп береді. Кіндік қанды қандай жағдайда босанғаныңызға, тіпті кесарь тілігіне қарамастан ала береді. Тек алдын ала келісім шартқа қол қойып, ақшасын төлесеңіз болды.

Оқи отырыңыз: Қандағы гемоглобин деңгейін көтеру үшін не жеген пайдалы?

"Босануға бір ай қалғанда, гепатит В, гепатит С, АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) және сифилиске анализ тапсыруыңыз керек. Зертхананың таңбасы болуы шарт. Бұл анализдерсіз қан алуға болмайды. Сосын біз сізге стреильді гемакон (қан жинайтын ыдыс) береміз, – дейді банктің қызметкері. – Толғағыңыз басталып перзентханаға барарда сол ыдысты өзіңізбен ала барасыз. Ол уақытқа дейін біз акушермен келісіп қоямыз. Тек бізді ескертулеріңіз керек".

Басты клиенттеріміз – байлар

"10 жыл қажетіңізге жарамаса, әрі қарай сақтау мерзімін ұзартуыңызға болады. Бір жылға 70 доллардан төлеп отырасыз", – дейді банктің біз хабарласқан қызметкері.

Бүгінде банкте 300 кіндік қан үлгісі сақталып тұр.

"Оның арасында танымал адамдар көп. Тіпті ел тізгінін ұстап отырған азаматтардың отбасы да бар", – деді банк қызметкері.

Қазір онко аурулар өте жасарып кетті. Ем табылмаса жасушаларын (стволовые клетки) транспланттау керек болады. Сондай кезде биоматериал (кіндік қан) болғаны жақсы. Ол сізге де, әкесі мен бауырларына да жарамды. Сол баланың өзіне 100, басқа балаларыңызға 70, әке-шешесіне 50, ата-әжесіне 25 пайызға дейін сәйкестік болады.

"Емдік қана емес, бет терісін жасартатын, ер адамның потенциясын арттыратын қасиеті бар. Негізі кіндіктен қан көп шықса, екі ыдысқа бөлуге болады. Екінші пробирка үшін үстіне 400 мың теңге төлеу керек. Егер өздеріңіз пайдаланбасаңыздар, 10-20 жылдан кейін сатып жібере аласыз. Ол кезде 700 мың емес, миллиондарға бағалай аласыз", – деп сендірді ол.

Оқи отырыңыз: Белсіз қалсаң, дертті болсаң саумал іш. Ол – адам ағзасын емдейтін бірегей дәрумен

Жаңа босанған анадан кіндік қанын жинау заңды түрде жүргізіледі

"ҚР тіндерді және ағзаларды транспланттау бойынша медициналық қызметтерді және донорлар мен рецепиенттерге медициналық көмектің басқа түрлерін көрсетуді ұйымдастыру стандартын және Тіндер мен ағзаларды алу, дайындау, сақтау, концервациялау, тасымалдау қағидаларымен шарттарын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің 26 наурыздағы ҚР ДСМ-ның13 бұйрығымен реттеледі", – дейді Мәрия Ахаева.

Солай делік, тек "Қазақстанда кіндік қан саудалайтын "қара" базар бар ма? Болса, қаншалықты кең тараған? Олардың қызметін кім пайдаланады? Бұл саудаға қатысты "жақтардың" рөлі қандай?" деген сауалдар көкейде қалып қойды.

Оқи отырыңыз: 71 жастағы қазақстандық донор 16 мың доллардың қанын тегін өткізген

Қандай ана донор бола алмайды?


Трансфизиология ғылыми-өндірістік орталығы ұсынған мәлімет