Нұр-Сұлтанда рухани келісім күніне арналған республикалық конференция өтті
Шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Конференцияға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстанның діни және ғылыми қауымдастық өкілдері, жастар ұйымдары өкілдері қатысты. Жиынды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашты.
– Елбасы "Ел бірлігі – ең асыл қасиет" деген қанатты сөз айнымас қағида бола беретінін айтты. Қазіргі таңда Қазақстанда 18 діни конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Елімізде мешіт, шіркеу мен ғибадатханалар саны 3541-ді құрайды. 3720 діни бірлестік жұмыс істейді. Қазақстандықтарды біртұтас ұлтқа біріктіретін негіз – Елбасының барлық ұлттар мен діндерге тең мүмкіндіктер беретін зайырлы мемлекеттік құқық бағыты, татулық пен бірлік халқымыздың асыл құндылықтарының бірі, – деді Бақтияр Мәкен.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын Рухани келісім күні аталып өтеді.
– 1992 жылы 18 қазанда өткен Бірінші Дүниежүзілік Рухани келісім конгресінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы күнді Рухани келісім күні деп жариялады, бұл күн қақтығыстар мен араздықтарға мораторий жарияланатын, жақынына мейірімділік пен көмек көрсетететін татулық күні ретінде тәуелсіз мемлекет тарихына енді, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Жиында композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету департаменті директоры Қарлығаш Қалилаханова және тағы басқалар баяндама жасап, бірлік пен тұрақтылықтың маңыздылығы, Нұрсұлтан Назарбаев орталығының діндер, конфессиялар, ұлттар мен этникалық топтар арасында өзара құрмет пен толеранттылық идеяларын ілгерілету бойынша әлемдік және дәстүрлі діндер сьезінің мақсаттарын қамтамсыз етумен айналысатыны айтылды.