Н.Назарбаев: Əйелдердің тек тегін ғана өзгертуге болады
Әйелдер басқаратын жеке кәсіп саны бір жылда 11 пайызға артқан
Биыл қаңтар айында олардың саны 581,2 мыңға дейін өскен. Кәсіпкер әйел басшылардың ең көп үлесі Қостанай облысында (46,6%). Екінші орында Қарағанды (46,3%), үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы (45,5%).
Астана ауруханасындағы сәбидің өліміне байланысты тергеу аяқталды
2018 жылы желтоқсанның аяғында 11 айлық Айзия Әнуардың жүрегіне жоспарлы ота жасату үшін анасы Тараздан Ұлттық кардиохирургиялық ауруханаға алып келген. Алайда ота алдында баланың пневмонияға шалдыққаны белгілі болып, №1 қалалық ауруханаға емделуге жіберіледі. Катетер қойғаннан кейін баланың аяғының қан айналымы дұрыс болмай, гангренаға айналады да, қызды екінші балалар ауруханасына жібереді. Бұдан кейін Ана мен бала ұлттық орталығының жансақтау бөліміне жіберілген сәби сол жерде жан тапсырды.
Анасы қызының өліміне дәрігерлерді кінәлады. Тергеу нәтижесіне сәйкес, Астана қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті жүрек ақауынан басқа сәбидің өліміне орталық жүйке жүйесі, өкпесіндегі туа бітті ақаулары себеп болғанын мәлімдеді.
Үкімет басшысына сауатсыз хат жазғаны үшін спикердің кеңесшісі жұмыстан босатылды
Қырғызстан парламенті спикері Дастанбек Джұмабековтың кеңесшісі Алмазбек Сабырбековтың Үкімет басшысының атына жазған хаты әлеуметтік желіге тарап кеткен. Интернетте жайылып кеткен хаттың тақырыбынан ("Премьер" сөзін "примьер" деп жазыпты) бастап қате тұнып тұр.
Спикердің өзі сауатсыз хатты оқымағанын айтып, қолтаңбасының көшірмемен қойылғанын мәлімдеді. Үкіметтің жоғарғы кеңесінің баспасөз қызметі хаттың көптігі мен жұмысбастылығына байланысты Төраға кеңесшілері мен мамандарына қолтаңбаны көшірмемен қоюды тапсырған деген түсінік берді.
KASE 7 наурыздағы сауда-саттығын гендерлік тепе-теңдікке арнады
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында KASE әйелдерге арналған "Ring the bell for gender equality" гендерлік тепе-теңдікке арналған сауданың салтанатты ашылуын өткізді. Оған қоғамдық өмір мен бизнесте табысқа жеткен қыз-келіншектер шақырту алды. Шарада сондай-ақ Қазақстанның гендерлік тепе-теңдік саласындағы жетістіктері жайлы айтылды. Ашылу салтанатынан кейін Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова арнайы гонг соғып, салтанатты сауданы ашты.
Аз қамтылған отбасыдан шыққан үздік оқушыларға стипендия төлене бастайды
20 наурыздан бастап ай сайын мектеп оқушыларына 5 мың, колледждер мен ЖОО студенттеріне 10 мың теңгеден төленеді. Қала əкімі Б.Баубектің айтуынша, өңірдегі əлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінген.
Əйелдердің тегін ғана өзгертуге болады
Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қыз-келіншектермен дәстүрлі кездесуінде осылай деді. Президент өз сөзінде 8 наурыздың жан дүниемізге үйлесімділік пен жаңашылдық алып келетініне тоқталды. Президент бұл мерекеде ең бастысы әйелдің ойындағысын дөп табу керек екенін де айтты. Егерде 8 наурыздағы сыйлық ойыңыздан шықпаса, келесіде көбірек армандаңыз деген қалжың айтты.
Сондай-ақ Президенттің пікірінше, әйелдер ерлерге қарағанда көбірек күлімдеп жүреді, сәйкесінше, өмір жасы да ұзағырақ болады. Қоғамдағы әйел рөлін айта келе Президент олардың тек тегін ғана өзгертуге болатынын, ал ерлерге әйелі мен үкіметтің ақша жұмсауының ұнамайтынын айтты. Ерлердің батылдығы тек үкіметті сынауға жетеді деді. Президент кездесуде көп балалы аналардың ерлігіне ерекше тоқталып, елде ажырасудың көбейіп кеткендігі туралы мәселені де көтерді.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Интернетте алаяқтарды қалай анықтауға болады. Полицейлердің айтуынша, қазір көпке танымал және алаяқтықтың ең қауіпті түрі – көлік немесе пәтер сату туралы "тиімді ұсыныс". Адамдар оны шетелде жүрген "пәтер иесінен" алады. Сатып алушының төлем қабілетін растауын сұрайды. Олар алдын ала төлем сұрамайды, тек ақшаны кез келген сенімді тұлғаға – туысына жіберіп, төлем туралы түбіртектің суретін түсіруді өтінеді.
Baq.kz: 8 Наурыз қарсаңында аналар кеңес ала алады. Ашық есік күні әйелдер дәрігерлермен танысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бедеулік мәселелері бойынша кеңес алуға, бөлімшенің қалай жұмыс істейтінін білуге, дәрігерлермен танысуға және сұрақтар қоюға болады. Мекенжайы: Астана қаласы, Тұрар Рысқұлов көшесі, 8 (бұрынғы №1 перинаталдық орталық ғимараты), 4 қабат, Г блогы, кабинеттер: № 410, 411, 412, 413. Анықтама үшін телефон: 8 (7172) 43-27-25, 43-27-21, 43-27-53.
24.kz: АҚШ-тағы қазақ қыздары "Гүлдер" би тобын құрды. Ансамблді құрған Зарина, Айнұр, Мәдина және Розлана деген қыздар Америкада өтетін халықаралық фестивальдар мен концерттерге жиі қатысады. Олардың киген ұлттық киімдері көздің жауын алады. Ұлттық нақыштағы әшекейлерді олар арнайы Қазақстаннан алдырады.