Жүсіпбек Аймауытовтың Тоқаев құрылтайда атап өткен тың шығармасы қалай табылды?
Жүсіпбек Аймауытовтың "Тез өлмен" деген өлеңін ғалымдар тапқан.Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен құрылтайда Жүсіпбек Аймауытовтың бір шығармасы табылғанын айтқан еді. Оны Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ғалымдары құпия құжаттарды зерттеп жүргенде тапқан. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жазды.
"Архив құжаттарында "Тез өлмен" деген шығарманы Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған деп көрсетілген. Ол ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы №01093 ісінде сақталған. Шығарма төте жазумен жазылған. Сонымен қатар, орыс тіліндегі қысқаша түсіндірмесі де бар", – деп жазды Ерлан Қарин.
Оқи отырыңыз: Қарин президентке саяси қуғын-сүргін құрбандары бойынша 31 том құжат ұсынды
Туынды туралы Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты Арнайы бөлімінің басшысы Л.В.Кручинин жасаған тергеу хаттамасында да айтылады.
Шығарма үш бөліктен тұрады. Қазірдің өзінде ғалымдар өлеңнің мазмұнын 20-жылдардағы дәстүрлі поэзияның стиліне жуықтайтынын айтып отыр.
Сондықтан туындыға филологиялық сараптама жасау үшін Президент архивінің жанынан әдебиет және өнер институтының мамандары мен аймауытовтанушы ғалымдардан құралған арнайы топ жасақталды. Ғалымдар толық зерттеп, ортақ тұжырымға келгеннен кейін оның қорытындысы жарияланады.