Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы өзінің Instagram аккаунтында FlyArystan әуе компаниясының үстінен полицияға шағым түсіргенін жазды. Ол сапар кезінде жарақат алған, ал әуе компаниясының бортсеріктері ешқандай алғашқы көмек көрсете алмаған. 

Оқиға 13 тамызда болған. 

"KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, отырған маған құлап, көзімнің тұсын жырып, қабағым жарылды. Бұл @flyarystan әуе компаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан орын алған жағдай. Бортсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым! Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ", – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.


Оқи отырыңыз: FlyArystan накажут за недопуск 12-летней девочки на борт


Ол әуе компаниясының мұндай жағдайларға дайын болмауын "жауапсыздық" деп бағалады. 

"Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті", – деп жазды журналист. 

15.00-де материал толықтырылды: 

FlyArystan журналист Ләйлә Сұлтанқызының арызына қатысты мәлімдеме жасады. 

Әуе компаниясының хабарлауынша, Астана – Шымкент КС7328 рейсінің қонуы барысында жолаушылардың ұшақтан шығуына дайындық кезінде, жолаушылардың бірінің тарапынан келесі жолаушыға көмек көрсету туралы өтініш түскен.

"Бортсеріктер жолаушыға майлық пен суық қаңылтырлы бөтелкені ұсынды. Содан кейін, процедураға сәйкес, бортта медициналық білімі бар жолаушыларды іздеу туралы хабарланды және әуе кемесінің командиріне хабар беріп, дәрігер шақыруы сұралды. Осы мезетте медициналық білімі бар жолаушылардың бірі жауап берді, сонымен қатар ұшақ баспалдағы жалғанып, қонудан кейінгі тиісті процедураларын аяқтағаннан кейін бортсеріктер әуежай қызметкерлеріне болған жай туралы жедел хабарлап, білікті медициналық қызметкерлерді сұрады. Алайда, ұшақтан түсіру кезінде жолаушы дәрігерлерді күтпестен борттан шығып кетті", – делінген ресми хабарламада. 

Бұл туралы осы жерден толығырақ оқуға болады.