Жұмысшыларын оқыс оқиғадан сақтандыратын мекемелерге төмен тариф ұсынылады
Еңбек министрі Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарына әлеуметтік кодекс жобасын таныстырды.Қазақстанда қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтері төмендетіледі. Бұл туралы "ҚР Әлеуметтік кодексінің" жобасында жазылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың баяндауынша, қазір мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Сақтандыру тарифтерін төмендету шаралары сонымен қатар жүретін болады.
"Осы жылдан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға жарналарды төлеу кезеңіне сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызы мөлшерінде төлемдер көзделген", – деп атап өтті министр.
Оқи отырыңыз: Сақтандырылған қазақстандықтардың жәрдемақысына үстемеақы қосылады
Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова әлеуметтік кодекс жобасында зейнетақы жүйесіне де өзгерістер көзделгенін айтты.
"Алдағы 5 жылда аға және бүгінгі буын зейнеткерлер үшін базалық зейнетақы көбейтіледі. Сондай-ақ, еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70 пайызына дейін артады. Өз жинағының есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлерге жұмыс берушілердің қосымша зейнетақы жарнасы енгізілетін болады", – деді министр.