Ғылым және жоғары білім министрлігі Ашық НҚА порталында сараланған білім гранттарын беру қағидаларының жобасын қоғам талқысы үшін жариялады. Жобада базалық, "Дарын" және "Қамқор" гранттарының жалпы білім беру тапсырысындағы үлесі айқындалған.

Құжатқа сәйкес, аталған грант түрлері келесі үлестерге ие болады:

  • Базалық гранттар – мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінің кемінде 50 пайызы.
  • "Дарын" гранттары (халықаралық олимпиадалар, орындаушылардың халықаралық конкурстары, спорттық жарыстардағы жетістіктер ескеріледі) – мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінің 10 пайызынан астам емес.
  • "Қамқор" гранттары (әлеуметтік мәртебе мен ғылыми (шығармашылық) жетістіктер ескеріледі) – мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінің кемінде 30 пайызы.

Оқи отырыңыз: Саясат Нұрбек айына 2 АЕК cалып, ЖОО-да оқуға қалай 9 млн теңге жинауға болатынын түсіндірді


Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған грант түрлерінің сомасы қанша болатынын айтқан еді. Оған сәйкес, базалық грант сомасы мемлекеттік грант сомасына тең (100%) болса, "Дарын" грантының сомасы мемлекеттік гранттың 120 пайызына, ал "Қамқор" гранты 30-50 пайызына тең болуы тиіс.

Құжат жобасы 21 сәуірге дейін жария талқыға ұсынылған.