Режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желіде көптен күткен тарихи фильмдердің бірі "Ұлы дала таңы" кинотуындының басты кейіпкерлерімен постерлерді жариялады. Аталған картинаны Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірген. 

Фильмде Қазақ хандығында Қасым хан билік еткен кездер мен мемлекет өркендеп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың кең аумағына бақылау орнатылғаны туралы баяндалады. Дәл осы жылдары қазақтар дербес этникалық қауымдастық ретінде біздің аумақтан тыс жерлерге де белгілі болды.

Тарихи кинотуындының сценарийін белгілі кинодраматург Бекболат Шекеров, Назира Бақаева және Ақан Сатаев жазды. Фильмнің түсіру жұмыстары 2021 жылы ақпан айының соңында басталған. Кейін түсіру тобы өз жұмысын Жаркент қаласы мен Кеген ауылы маңында жалғастырған. Наурыздың ортасында түсірілімдер "Қазақфильм" киностудиясының павильондарында тұрғызылған "Сығанақ қаласы", "Бұрындық ханның тақ залы" және "Самарқанд – Шайбанның ауласы" декорацияларында жүргізілді.


Оқи отырыңыз: Режиссер Ақан Сатаев Қасым хан туралы "Ұлы дала таңы" фильмін қалай түсіріп жатыр? Фоторепортаж


Жаз айларында Қапшағай қаласының маңында күрделі сахналардың бірі – Ұлытаудағы шайқас түсірілген болатын. Бұл сахнаға Nomad Stunts каскадерлер тобы арнайы тартылған. Айта кетсек, фильмнің трюктерін Жайдарбек Күнғожинов, Есболат Әбдіберік және Әділет Ақматов қойды. Сондай-ақ, түсірілімдер Іле өзені бойында және "Түркістан" декорациясында жүргізілді.

Фильмдегі басты рөлдерді  Берік Айт жанов (ересек Қасым хан), Данияр Оразаев (жас Қасым хан), Айдос Әбдіқадыров (жас Бұрындық хан), Ерік Жолжақсынов (ересек Бұрындық хан), Нұрлан Әлімжанов (Мұхаммед Шайбани), Алтынай Нөгербек (жас Жахан Бегім), Шамшагүл Меңдиярова (қарт Жахан Бегім), Тұңғышбай Жаманқұлов (ересек Әли Рашид), Қуаныш Құдайберген (жас Әли Рашид) сомдады.