Жаркентте 100 жастағы қария алғашқылардың бірі болып дауыс берді
Қарияға естелік сыйлық табысталды.Жетісу облысы Жаркент қаласында алғашқылардың бірі болып, қала тұрғыны, 100 жастағы қария Зейнелхан Оспанова дауыс берді, деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
12 құрсақ көтерген "Алтын алқа" иегері саналы ғұмырында барлық саяси науқанға белсенді қатысқанын айтады.
"Жаңа Қазақстанды құрамыз дегенді естіп жатырмыз. Оны үкімет қана емес біз бәріміз құруымыз керек. Ешкім тыс қалмай өз дауысын берсе, атсалысқаны сол болады. Еліміз тыныш, бала-шағамыз аман болып, Қазақстанымыз көркейе берсін", – деді кейуана.
Таңғы сағат 7-ден өткенде алғашқылардың бірі болып дауыс берген қарияға №739 сайлау учаскесі дәстүр бойынша естелік сыйлық табыстап, құрмет көрсетті.
Жалпы Панфилов ауданы бойынша 74 сайлау учаскесі болса, 85 мыңға жуық тұрғын дауыс берушілер санатында.