Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар 8 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тартылады
Бас прокуратура Қазақстанда террорлық акт бойынша да сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу бойынша қылмыстық істер қозғады. Террорлық акт бойынша да сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Бұл үшін Президенттің тапсырмасымен ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылған. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда қылмыс ізін тіркеу және жинау жұмыстары жүріп жатыр.
"Қазіргі таңда қылмыс ізін тіркеу және жинау жұмыстары жүріп жатыр. Осыған байланысты ел халқын мобильді телефондарында сақталған құқық бұзушылық тіркелген видеоларды сақтауын сұраймыз. Қылмыстық істі ашуға көмектесетін өзге де ақпарат бар болған жағдайда 115 номері бойынша колл орталыққа хабарласуын өтінеміз", – деді Ризабек Ожаров.
Бас прокуратура, сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар 8 жылдан Қазақстан азаматтығынан айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тартылатынын мәлімдеді.