Жамбылдағы жарылысқа жарты жыл: жоғалған Бауыржан Дәуітбаевты іздеу уақытша тоқтатылған
Үміті үзілмеген Дәуітбаевтың туыстары оны енді өздері бүкіл Қазақстан аумағынан іздеуге кіріскен.Жамбыл облысында болған жойқын жарылыс кезінде ұшты-күйлі жоғалған әскери Бауыржан Дәуітбаев әлі табылған жоқ. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің дерегінше, оны әскери бөлімнің аумағында қыста іздеу тоқтатылған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Соған байланысты Дәуітбаевтың туыстары кіші сержант Бауыржан туралы деректер жазылған парақшаларды бүкіл ел аумағына таратып, өздері іздеуге кіріскен. Бұдан бөлек, іздеу жұмыстарына шетелдік көріпкелдерді шақыруды талап етіп отыр.
"Кішкентай баласы түк түсінбейді. Күнде әкесін іздеп жылайды. Жолдасым үш күннен бері Ресей шекарасынан бері қарай іздеуге кетті", – дейді Бауыржанның анасы Фатима Ағыбекова.
Оқи отырыңыз:
- Байзақтағы жарылысқа бір ай: із-түссіз жоғалған Бауыржан Дәуітбаев әлі табылмады
- Ауған соғысы ардагері: Тротил өздігінен жарылмайды. Оның тұтануына әкелген себеп анықталуы тиіс
Төрт балалы Бауыржан Дәуітбаевтың жұбайының аяғы ауыр, босанатын күні жақын. Бауыржанның бауырлары бұған дейінде ол туралы қандай да мәлімет берген адамға миллион теңге сыйлайтынын хабарлаған болатын. Бұл уәде әлі күшінде. Дегенмен, алты ай ішінде еш хабар болмаған.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
"Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс кезінде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевты әскери бөлімнің аумағында қыста іздеу тоқтатылды" делінген қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратында.
Ал облыс әкімінің баспасөз қызметінің дерегінше, жарылыс кезінде қайтыс болған 17 азаматтың туыстарына 20 миллион теңге өтемақы берілген.