Жезқазған перзентханасында тағы да сәби шетінеді
Дәрігерлер өлім себебі ретінде жүрек-өкпе жеткіліксіздігін атады.Жезқазғанда сегіз күн бұрын дүниеге келген бала екі күннен кейін белгісіз жағдайда көз жұмды. Қара жамылған Сүлейменовтер отбасы тұңғыштарының өліміне дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сәбидің анасы Меруерт Бесимованың сөзінше, перзенті туылғаннан кейін көзін ашып, жақсы тамақтанған. Ал нәрестесін дәрігерлер қарауға алып кеткенде жүрегі тоқтап қалған.
19 желтоқсан күні Жезқазған қаласының перзентханасына түскен Меруерт Бесимова 2,300 келі салмақтағы ұлын дүниеге әкеледі. Айтуынша, бала сау болып туылған. Тіпті үш күн бойы өзі емізіп, бауырына басқан екен. Ал 21 желтоқсан күні дәрігерлер салмақ қосу мақсатында өздері тамақтандырып, қарауға алып кеткенін айтады. Ал келесі күні Меруерт сәбиін тексеруге барғанда перзентінің дем ала алмай, жүрегі тоқтап қалғанына куә болған.
"Кешке қарай әйелім хабарласты, баланың жүрегі тоқтап қалды деп. Емізу үшін дәрігермен барып, бетін ашса бала дем алмай жатыр екен. Дәрігерлер аппаратпен реанимация жасап, аппараттың астына қойып қояды. Содан кейін жарты сағаттан кейін дәрігерлер баланың үзіліп кеткенін айтқан", – деді сәбидің әкесі Есім Сүлейменов.
Оқи отырыңыз: Жезқазғанда сәби шетінеді: Ата-анасы мерзімі өткен сүт қоспасын берген перзентхананы айыптады
Ал перзентхана дәрігерлері Меруерт Бесимованың жүктілік кезеңі күрделі өткенін айтады. Ол сәби анасының созылмалы сырқаттары баланың жатыр ішінде дамуына қатты әсер етуі мүмкін деп түсіндіреді.
"Үшінші күні баланың жағдайы орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері мен сарғаю синдромына байланысты нашарлады, бала реанимацияға ауыстырылды. Жағдайы жүрек-өкпе жеткіліксіздігінен ауырлай түсті. Бала қолдан дем алу аппаратына қосылды, бірақ емдеу шаралары нәтиже бермеді. 2022 жылы 22 желтоқсанда қайтыс болды, өлімнің себебі церебральды лейкомаляция, яғни үшінші дәрежелі қарыншаішілік қан кету", – деді "Жезқазған қаласының облыстық көпбейінді ауруханасы" ШЖҚ КМК неонатологиялық қызметінің басшысы Каукер Жақсыгелдинова.
Сәбидің ата-анасы прокуратура мен денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген.