Жеделсатысының істен шыққанына 3 жыл болған үйде тұратын зейнеткерлер үкіметтен көмек сұрады
Ақтөбеде жаңартылуы тиіс 259 ескі жеделсатының тек 11-і ғана ауыстырылған.Ақтөбеде ескі көп қабатты үйлердегі істен шыққан жеделсатылар үш жылдан бері тоқтап тұр. Жергілікті биліктің уәдесінен әбден шаршаған тұрғындар енді үкіметтен көмек сұрайды. Сөздерінше, шенеуніктер жеделсатылары тоқтап қалған үйлерде зейнеткерлер мен жүріп-тұра алмайтын мүгедек жандардың көп тұратынын жақсы біледі. Бірақ мәселені шешуге асығар емес. Ал әкімдіктегілер Ақтөбеде жаңартылуы тиіс 259 ескі жеделсатының тек 11-ін ғана ауыстырып үлгеріпті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ханшайым Серкебаева – тозығы жеткен әрі үш жылдан бері тоқтап тұрған жеделсатының ауысатын күнін күтіп жүрген көптің бірі. Тұрғын тоғызыншы қабатқа күнде шығып түсуге денсаулығының да, шамасының да келмейтінін айтады. Ал әкімдіктегілер лифт мәселесін де, көп қабатты үйде зейнеткерлер мен мүгедек жандардың көп тұратынын білсе де, шешуге асықпайды деп ашуланады.
"Осылай жайлап-жайлап, тек жұқа кофтамен тоғызыншы этажға жеткенше шешінемін. Аяқ киімімді ғана шеше алмаймын, қалғанының бәрін шешемін. Мынау бесінші қабат, бірақ лифт келмейді, істемейді. Қанша болды?! Бұл лифтіні 1984 жылы қойған. Қазір мүлдем тоқтап тұр. Ешкімге де керек емес, бармаған жеріміз жоқ. Бастықтардың барлығы бір-біріне сілтейді", – деді тұрғын Ханшайым Серкебаева.
Ал шенеуніктер ескірген жеделсатыларды мемлекеттік бағдарлама шеңберінде біртіндеп ауыстырып келе жатқанын айтады. Біреуінің құны 9 миллион тұратындықтан, жеделсатылардың бәрін бірден жаңалауға бюджет қаражаты жетпейді екен.
"Осы жылы 11 лифт жөндеуден өтті, ауыстырылды. Әр лифтінің бағасы – 9 100 000 теңге. Ол лифтілердің ақшасын тұрғындар бюджетке жеті жыл ішінде қайтарады. Осы жылы 100 лифтіге өтінім бердік. Ақша бөлінсе, мемлекеттік бағдарламамен лифтілерді ауыстырамыз", – деді "Табыс Ақтөбе" ЖШС директоры Еркінғали Көпенов.
Еске салсақ, Ақтөбеде тозығы жетіп, ескірген жеделсатылардың мәселесі осыдан үш жыл бұрын қозғалған еді. Онда да мәселені көтеруге жеделсатыға қысылып қайтыс болған журналист Айзат Әбдісаматтың қазасы себеп болды. Сол кезде ескі үйлердегі лифтерге техникалық тексеріс жүргізген билік, жеделсатыларды тоқтатты. Одан кейін Ақтөбеге инвестор шақырып, лифт құрастыратын зауыт та ашатын болды. Бірақ бұл жоспарлар аяқсыз қалды.