Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден өтті
Ол 97 жаста болатын.Жазушы, Қазақ КСР Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды. 1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан "Таң-Шолпан" журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған "Курляндия" романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. "Курляндия" романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы "Күткен күн" деген атпен қайта жариялады. "Қан мен тер" трилогиясы (1-кітап – "Ымырт", 1961; 2-кітап – "Сергелдең", 1964; 3-кітап – "Күйреу", 1970) және "Сең" (1983), "Соңғы парыз" (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың "За честь и достоинство", 2003 жылы Халықаралық Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет Белгісі", "Халықтар достығы" (1984), "Отан" (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.