Жазғы уақытта мұғалімдердің ұзақ уақыт (бір айдан артық) еңбек демалысына шығатынына байланысты "Атамекен" кәсіпкерлік палатасы өңірлерде жұмыс берушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыскерлердің, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің аударымдарын немесе жарналарын есептеуді және аударуды ай сайын жұмыс беруші жүргізеді. 

Сәйкесінше, заң бойынша, жұмыс берушілер ай сайын жалақының 3 пайызы, қызметкерлердің айлығынан – 2 пайыз мөлшерде МӘМС жүйесіне төлем жасауы керек. 

Егер демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтыса, төлемдер МӘМС-ке әр айға бөлек-бөлек бөліп төленеді. 

"Мысалы, мұғалімнің еңбек демалысы 2024 жылғы 25 маусым мен 18 тамыз аралығында (56 күнтізбелік күн) кезеңге келеді. Бұл жағдайда МӘМС-ке төлемдерді аудару маусым айында (демалыс төлемдерін төлеу кезінде) маусым, шілде, тамызға бөлінген үш жол бойынша бір төлем тапсырмасымен жүзеге асырылуға тиіс. Әр ай үшін сома тиісті демалыс күндеріне сәйкес, маусымда 7 күнге, шілдеде 31 күнге және тамызда 18 күнге есептеледі", – деп түсіндірді ӘМСҚ Маңғыстау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Қыдырбаев, "Маңғыстау Медиа" агенттігінің жазуы бойынша.


Оқи отырыңыз: Инсульт алғандардың 70 пайызы мүгедек боп қалады. Бұған қалай жол бермеуге болады