"Жаттығатын орын жоқ". Атырау облысында таэквондодан әлем чемпиондары далада дайындалуға мәжбүр
Спортшылардың көбі көше бойында, қара жерге татами төсеп амал қылып жүр.Атырау облысына қарасты Сарайшық ауылында таэквондодан әлем чемпиондары жаттығатын орын таппай, аптап ыстықта далада дайындалуға мәжбүр. Өйткені олар үшін арнайы орын қарастырылмаған, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Спортшылардың көбі көше бойында, қара жерге татами төсеп амал қылып жүр.
Серік Исламның таэквондаға қатысып жүргеніне тура екі жыл болған. Спорттың бұл түрінен қанжығалаған жүлделері жетіп артылады. Тіпті жуырда жасөспірімдер арасында Түркияда өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленіпті. Айтарлықтай жетістікке жеткен жеткіншек қазір жаттығатын орын таппай, далада дайындалып жүр.
"Бұл үйірмеге қатысып жүргеніме екі жыл болды. Қазір далада дайындалып жүрміз. Қатты қиындық туғызып жүр. Сондықтан бізге зал керек", – дейді Серік Ислам.
Оқи отырыңыз: Спорт сарапшысы: Арена болмаса, спортшы қайдан шығады?
Серік сияқты таэквондо үйірмесіне ауылдың отыздан аса баласы қатысады. Бірақ барлығы әлі күнге дейін оларға жағдай жасалмағанына қапалы. Әу баста ауылдағы мектептің спорт залында шыныққан, кейін директор ауысып, ол жерден шығарып жіберген.
Содан соң балалар екі жылдай ауылдағы тойхананың бірінде жаттығыпты. Алайда той-томалақ, ас-жиын болатын күндері дайындықты тоқтататын. Бірақ ол ғимарат та екі ай бұрын жөндеуге жабылып, спортшылар далада қалған.
Спортшыларға әзірге көп салалы колледждің спорт залын алып беруге уәде берілген. Алайда оқу орнының да жағдайы оңып тұрған жоқ. Іргетасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қаланған ғимараттың қабырғасы сылақ көрмеген. Едені опырылып жатыр. Әзірге балалар осы жерде амалсыз жаттығады.
Аудан әкімінің айтуынша, ауылға спорт кешенін салу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
"Қазіргі таңда спорт кешендерін қажет етіп отырған ауылдар баршылық. Бес ауылға спорт кешенін салу үшін облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс бердік. Облыс басшысы да біледі, – дейді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.