Қазақстанда жас отбасыларға арналған ипотекалық бағдарлама қосыла ма? Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәжілісмен Дәулет Мұқаевтың депутаттық сауалына жауап берді. 

Роман Склярдың жазуынша, қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірлерінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 5 пайыз жеңілдікпен кредит берудің өңірлік бағдарламалары іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында жастар бағдарламалары іске қосылған. Осы бағдарламаларға 2017-2022 жылдар аралығында жергілікті бюджеттерден және Отбасы банкінің қаражаты есебінен 65,2 млрд теңге бөлінген. Осындай бағдарламалар басқа өңірлерде әзірленіп жатыр.

"Сонымен қатар, республикалық бюджеттің шектеулерін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен басым қамтамасыз етуді ескере отырып, осы кезеңде жас отбасылар үшін жеке бағдарламаны енгізу мүмкін емес", – деп жазылған жауапта.

Роман Склярдың жазуынша, бүгінгі күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде 636,3 мыңнан астам адам тұр, оның ішінде 415,7 мың әлеуметтік осал топтар.


Оқи отырыңыз: Дәулет Мұқаев "Жас отбасы" ипотекасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмауды сұрады


Еске салайық, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдап, "Бақытты отбасы", "Шаңырақ" бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізуді, "7-20-25". бағдарламасының лимитін алып тастауды, "Жас отбасы" ипотекасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмауды және жұмыс істейтін жастарға берілетін жалдамалы пәтер санын арттыруды сұраған еді.