Жаппай тәртіпсіздік кезінде халық алдына шықпаған әкімдер кімдер?
Наразы халықтың алдына санаулы әкім ғана шығып, төбе көрсеткен.31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасының журналистері төтенше жағдай кезіндегі әкімдердің әрекеті мен әдебіне шолу жасады.
Бейбіт шеру басталған кезде бүлікшілерге басу айтып, сабырға шақырған шенеунік болды ма? Қазір көпшіліктің көкейіндегі сауал осы, өйткені өздері басқарып отырған өңірдегі стратегиялық нысандар өртке оранып, ғимараттар қиратылып жатқан кезде облыс басшылары да жоғалып кеткендей көрініп еді. Сонымен шенеуніктердің қайсысы төбе көрсетпеді?
Әу баста бейбіт шеру Маңғыстау облысында басталды. Алғашында алаңға жиналған халықты азсынды ма, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен халқымен тілдесуге келмеді. Тек халық киіз үй тігіп, жиналғандар саны көбейгеннен кейін, яғни бір туәлік өткен соң өңір басшысы төбе көрсетті.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясына жақынын іздеушілерден үш арыз ғана түскен
Маңғыстау облысында басталған шеру еліміздің барлық өңірінде жалғасты. Көп ұзамай жер-жерде жаппай тәртіпсіздік пен бүлікке ұласты. Сонда да халық өңір басшыларынан, әсіресе қала әкімдерінен қолдау күтті. Мәселен, алматылықтар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бірден көпшілік алдына шығып, жиналғандарды сабырға шақырмағанын сынға алды. Жағдай тіпті ушыққанда да әкімнің тым болмаса теледидардан тұрғындарға үндеу жасамағанына наразылық білдіргендер де болды. Бірақ Бақытжан Сағынтаев "бүлікшілер ғимаратты басып алғанға дейін жұмыс орнында болдым" деп ақталды. Айтуынша, кейін жедел штабқа ауысқан.
"Түрлі министрлермен байланысты болдым. Әр бес минут сайын оларға жағдайды баяндап отырдым. Қалада төтенше жағдай жариялау, қосымша күш тарту керек екенін айттым. Ешқайда кетпей жұмыс орнымда болдым", – деді Алматы әкімі.
Ал Жамбыл облысының әкімі наразы топпен тілдесуге алдымен депутаттар мен спортшыларды жіберген. Бірақ жиналғандар қоғам өкілдерінің сөзіне тоқтай қоймапты. Ақыры өзі де елдің алдына шыққан. Айтуынша, жиналғандар нақты талап айтпаған. Облыс әкімінің баспасөз қызметі әкімдік ғимараты өртеніп жатқанда да Бердібек Сапарбаев елдің арасында болды деді. Тек бұзақылар мекемені басып алып, бірінші қабатын өртегенде штабқа кетіпті.
Оқи отырыңыз: Ерлан Саиров: Террорист, экстремист, тонаушы, тәртіп бұзушылардың ара-жігін ашу маңызды
Ақтөбеде әкімдік алдына жиналған халық облыс басшысы Оңдасын Оразалинді бірнеше күн диалогқа шақырса да, әкім бірде-бір рет ел алдына шықпады. Тек қала әкімі ғана халыққа басу айтып жүрді. Ал әкімнің орынбасары жиналған жұрттың "билік өкілдерімен сөйлесуге құлқы болмады" дейді. Айтуынша, облыс басшысын да ешкім тыңдамайды деп топшылаған. Сондықтан наразы топпен тілдесуге шықпапты. Әрі жеке бастарының қауіпсіздігін ойлаған екен.
"Әкімі мен орынбасарлары шығып басу айтқанда халықтың сөзге ұйып тыңғдаған бір мысалын келтіріңіздерші. Ондай жағдай болған жоқ. Сол үшін әкім қашып кетті, орынбасарлары қорқып елмен кездесуге шықпай қойды деген сынды әңгімелер айтылмауы қажет", – деді Ақтөбе облысы әкімнің орынбасары Руслан Қамбаров.
Халық алдына Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та шықты. Әуелі облыс әкімдігі ғимаратының алдына жиналған мыңдаған тұрғынның талабын мұқият тыңдады, кейін басу айтып, халықты сабырға шақыруға тырысты. Бірақ жиналғандардың жан-жақтан сөзін бөліп, соңына дейін тыңдамағаны әкімнің ашуын келтірді.
Қызылорда да ашық диалогқа шыққан қала әкімін қайтарған халық Гүлшара Әбдіқалықованың келуін талап еткен. Бірақ әкім келгенде айғайға басқан. Ал дүрбелең басталып, стратегиялық нысандарға шабуыл жасалғанда әкімнің қайда болғаны белгісіз. Өйткені әкімдік әзірге ол жайлы мәлімет бермеді.