Запастағы 635 офицер әскери қызметке шақырылады – Үкімет қаулысы
Қаулы 11 шілдеде күшіне енеді.Премьер-министр Әлихан Смайылов запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру жөніндегі Үкімет қаулысына қол қойды.
Құжатта жазылғандай, биыл жалпы саны 635 запастағы офицер мына құрылымдардың қатарына шақырылады:
- ҚР Қарулы күштеріне – 550 офицер;
- ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 60 офицер;
- ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне – 16 офицер;
- ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан қатарына – 9 офицер.
Оқи отырыңыз: Әскерге шақырылатын запастағы офицерлер саны жоспардан екі есе артады
"Жобаның мақсаты – 2023 жылы әскери қызметке шақырылатын запастағы офицерлердің санын ұлғайту. Жобаны іске асыру қосымша бюджет шығынын талап етпейді және тиісті жылдарға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады", – делінген қаулының түсіндірме жазбасында.
Құжат 11 шілдеден бастап күшіне енеді.