Жандарбек Бекшин Алматының бас санитары қызметінен кетеді
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін Қарлығаш Әбдіжаббарова уақытша атқарады.Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин зейнетақыға шығуына байланысты 5 қаңтардан бастап қызметінен кетеді. Мәліметті бас санитар дәрігердің өзі растады.
27 желтоқсаннан бастап Бекшин кезекті демалыста.
"Менің келісімшартым аяқталды. "Мемлекеттік қызмет" заңына сәйкес зейнеткерлер тағы бір жыл қосымша жұмыс істей алады. Маған бір жыл ұзартып бергендіктен, екінші рет бұлай жасай алмаймыз. Сол себепті қаңтар айында кетемін", – деді Жандарбек Бекшин "БЕСсимптомно" Telegram-каналына.
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметін Қарлығаш Әбдіжаббарова атқарады. Ол қазір Алматы қалалық ССК орынбасары.
Еске салсақ, Жандарбек Бекшин 2020 жылдың сәуір айынан бастап Алматыда тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жетекшісі болып тағайындалды. Бұған дейін ол ҚР-ның бас мемлекеттік санитар дәрігері болды.