Жаңаөзенге жақын маңдағы Рахат ауылы қоқыс полигонына айналып барады. Өйткені тұрмыстық қалдықтар апталап, айлап тазаланбайды, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрғындардың айтуынша бұл жер нағыз бактерияның ошағына айналып кеткен. Мұнда ас үй жиһазы, тамақ қалдықтары, сондай-ақ балалардың ойыншығы, тіпті қойдың өлексесі де тасталған. 

"Қоқыстың ішінде жатырмыз десек те болады. Сенбесеңіз, өзіңіз барып көріңізші. Қоқыс алынбайды, оны айтсаң, ешкім тыңдамайды", – деді Рахат ауылының тұрғыны Жаһангер Досжанов.  

Қалдықтардың тау-тау болып үйіліп қалуына басқа көшелерде қоқыс контейнерлерінің болмауы себеп екен. 

"Бұл қоқыс неше жылдан бері жатыр? Үнемі осылай. Анда-санда ғана бір жинап алады. Жел тұрса, бәрі ұшады", – деді Рахат ауылының тұрғыны Айтбек Қарамұрзаев.  


Оқи отырыңыз: Жаңаөзендегі жарылыс: Баспанасыз қалған 9 отбасы үйлі болды


Жыл басынан бері 35 мың халық тұратын Рахат ауылының қоқысын шығаруға "WRC" компаниясы жауапты. Жауапты мамандардың айтуынша, серіктестіктің тұрмыстық қалдықтарды шығаратын тоғыз дана техникасы ғана бар. Оның тек үшеуі қоқыс таситын көлік екен.

"Рахат ауылында 600-ден астам контейнеріміз бар. Қосымша 200 контейнер қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қанша контейнер қойылатыны туралы өтінім бердік. Бірақ тұрғындар қоқыс шығару ақысын үш жылдан бері толық өтемеген", – деді Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ербол Сариев. 

Тариф құны – 194 теңге. Алайда, әкімдіктің айтуынша Жаңаөзен қаласы тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне 200 миллион теңгеге жуық берешегі бар екен.