Жаңа смартфон, интерфейстегі өзгерістер. Технология әлеміндегі жаңалықтарға шолу
Информбюро порталы техника және жаңа технологиялар саласындағы жаңалықтарды ұсынады.Айдарды қазақстандық техноблогер, ҚазТехШолу Youtube арнасының авторы Бахтияр Қыдырбаев жүргізеді.
Смартфон қуаты неге тез отырады?
Смартфонның қуатын тез азайтатын функциялар көшін геолокация қызметі бастап тұр. Ол мобильді құрылғы қуатының 18 пайызын тұтынады екен. Тіпті, шағын видеолар көріп, ойын ойнап, қоңырау шалғанның (жиынтығы 17%) өзінде олар геолокацияны басып озбайды. Сондықтан бұл функцияны қажет емес кезде өшіріп қойған абзал. Әдетте геолокация мен Bluetooth кей мобильді қосымшалардың сұранысы бойынша автоматты түрде қосылады. Олардың кейін үздіксіз қосылып тұрмасы үшін "геолокация тек қосымшаны қолдану кезінде қосылсын" функциясын іске қосуды ұмытпаңыз.
Геолокациядан кейінгі орынды Always-On-Display функциясы иеленген. Яғни, дисплей жарығын барынша жарық етіп қою тек көзге ғана зиян емес, сонымен бірге смартфонның қуатын да тез тауысады.
Қазақстанда HUAWEI nova 8i смартфоны сатылымға шықты
Бүгіннен бастап HUAWEI nova 8i смартфонын компанияның серіктес дүкендерінен 189 990 теңгеге сатып алуға болады. Айта кетейік, смартфонның Moon Silver және Starry Sky түстері қолжетімді. Оны 21 қарашаға дейін сатып алған жағдайда сыйға Huawei Band 6 сағаты беріледі.
Бұл смартфонның басты 5 артықшылығын атауға болады:
- Тез қуат алады. 66 Вт-тық HUAWEI SuperCharge арқасында смартфон17 минут ішінде 60% қуатталады, ал толық қуат алуы үшін бар болғаны 38 минут қажет.
- Ақылды антенна. Смартфон Full-scene Smart Antenna 2.0 инновациялық сымсыз байланыс жүйесімен жабдықталған. Ол смартфон корпусынының төрт жағындағы 7 антеннадан тұрады. Бұл смартфон көлденеңінен не тігінен – қандай позицияда тұрса да, сигнал қабылдауын күшейтеді.
- 64 мегапиксельді квадрокамера. Ол мейлі түн, мейлі күн болсын, тәуліктің кез келген бөлігінде анық та сапалы сурет түсіруге мүмкіндік береді. 120°-тық арнайы камерасы арқылы табиғатты не топ адамдарды жақын жерден-ақ кең форматта түсіруге қолайлы. Тіпті 4 сантиметр қашықтықтың өзінен нысанға фокус ала алатын үшінші камера ерекше ракурстағы фотосуреттер жасауға мүмкіндік берсе, Super Night Shot 2.0 түнгі түсірілім режимі арқылы қараңғы уақытта да анық, бояуы қанық сурет түсіруге болады. Алдыңғы камера 16 мегапиксельді. экранның сол жақ жоғарғы бұрышындағы дөңгелек тесікте орналасқан. Ол арқылы смартфон өзі-ақ автоматты түрде экранның түстік температурасын түзетіп, кез келген жағдайда түс қанықтығын сақтайды. Жасанды зердеге негізделген инновациялық алгоритм әдемі фотосуреттер түсіруге көмектеседі.
- Үлкен экран. HUAWEI nova 8i экранының үлкендігі сондай, ол смартфонның бетінің 94,7%-ын алып тұр. Жақтауларының қалыңдығы бар болғаны – 1,3 мм және 1,35 мм. Дисплей диагоналі 6,67 дюйм, ал тұнықтығы 1080×2376 пиксель. Сондай-ақ, бұл смартфонда Eye Comfort функциясы бар. Ол сары түсті бәсеңдетіп, артқы жарық спектріндегі зиянды көк жарықты азайтады. Сөйтіп, көзге келетін зиянды болдырмайды.
- Ауқымды оперативті жады. Смартфонның оперативтік жадысы 6 Гб болса, қосымша жадысының сыйымдылығы – 128 Гб. Бұл смартфонмен ауқымды тапсырмалардың өзін сенімді орындап, фотосуреттер мен видеоларды молынан сақтауға мүмкіндік береді.
WhatsApp интерфейсі жаңарады
WhatsApp мессенджерінің интерфейсі бета нұсқасында жаңарды. Алдағы уақытта жаңа өзгерістер барлық құрылғыларда да қолжетімді болады.
WhatsApp қолданушыларын қандай өзгерістер күтіп тұр? Олар негізінен үшеу:
- Байланыс ақпараты экранының дизайны өзгереді.
- Хабарламалардың өзінен-өзі жойылуының 3 уақыт өлшемі ұсынылады: 24 сағат, бір апта және 90 күн.
- Егер қолданушы WhatsApp желісіне бірнеше құрылғыдан кіретін болса, тізім жаңарғанда енді мессенджер қауіпсіздік кодын өзгерту туралы хабарлама жібермейді.
Youtube арнасында енді дизлайк көрінбейді
Бірақ, бұл дизлайк қоюға болмайды деген сөз емес. Бұл мүмкіндік сақталады. Алайда, дизлайк санын тек арна авторы ғана YouTube Studio арқылы көре алады. Бұл оған өз көрермендерінің видеоға әсері қандай екенін бағалауына мүмкіндік береді.
Youtube әзірлеушілерінің түсіндіруінше, адамдар дизлайк санына қарап, видеоны көруден бас тартатын болған. Тіпті, дизлайк функциясын қасақана мақсатта қолданатындар да табылған. Сол арқылы бәсекелесінің видеосының көріліміне кедергі келтіріп отырған. Ал жаңа ереже арна көрермендері мен контент жасаушыларына өз қауымдастығын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Компания жазда дизлайк санын жасыру арқылы тәжірибе жүргізіп, мұның арна қолданушылары тәртібіне оң әсер ететінін байқаған. Бұл өзгеріс бірте-бірте енгізіледі.