Жаңа облыс орталықтарында пәтер бағасы 20 пайыз қымбаттады
Жезқазғанда бір бөлмелі пәтер бағасы 10 млн теңгеге жеткен.Риелторлардың айтуынша, маусым айының басында жаңа облыс орталықтарында үй бағасы 20% қымбаттады. Мысалы, Жезқазғанда бір бөлмелі пәтердің бағасы 9 миллионнан басталып 15 миллион теңгеге дейін барады. Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметтеріне сәйкес, мамыр айында үй сатып алу бойынша келісімдер саны екі есе азайған, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Бірінші кезекте бұл зейнетақыны шешіп алудың ең төмен шегін көтеріп жіберумен байланысты. Бұл сәуір айында-ақ ажиотаждың басылуына себепші болды. Екінші бір әсер еткен фактор – Украинада соғыстың басталуы. Бұл тұтынушыларға, соның ішінде жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етті", – деді экономист Ғалымжан Айтқазин.
Экономистердің айтуынша, үйді әйтеуір бір сатып аламын деп жүрген қазақстандықтар наурыз айында пәтер иесі атанды. Қазір нарық біртіндеп тұрақталып келеді.
Оқи отырыңыз: "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы
"Зейнетақы қорында артық ақшасы бар азаматтар оны шешіп, пәтер алды. Осының әсерінен келісімдер бойынша динамиканың өскенін байқадық. Сәйкесінше, бұл ережені алып тастағалы жағдайдың тұрақталып келе жатқанын байқап отырмыз", – деді экономист Ғалымжан Айтқазин.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде пәтердің шаршы метрінің бағасы 464 мың теңгені құрады. Мамыр маусым айларында танымал сайттағы жылжымайтын мүліктің бағасы 1-3 пайыз арзандады. Бір жылда пәтер бағасы 27% қымбаттаған еді.
"Бұрын Жезқазған облыс орталығы болғанға дейін бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 5 млн теңге болған. Ал қазір бұл пәтерлердің бағасы 10 миллион теңгеге дейін көтеріліп отыр. Яғни бір бөлмелі пәтер бағасы екі есе өсті", – деді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Жұмажан Қойшан.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда пайызы төмен "жасыл" ипотека ашылады
Үйді жаппай сатып алу тоқтаса да, пәтер бағасының арзандауы туралы әлі айту ерте, дейді сарапшылар.