Өңірдің оңтүстігіндегі Жуалы ауданына қарасты Қызыларық ауылдық округінде "Дархан" шаруа қожалығы мемлекеттің қолдауы аясында 60 гектарға алма көшеттерін отырғызған.  2001 жылы жылы құрылған қожалық әуелгіде 300-400 гектар алқапқа ақ егіс пен картоп орналастыруды қолға алады. Дәулет Өмірбайұлы басшылық ететін шаруалар уақыт өте ағын суы мол тұстан жаңа алма бақтың орнын белгілейді.

"Негізінен, алма бақ толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан әрі жылдан-жылға климатқа орай көбейе береді. Қазір алманың бес түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сұрыптар. Мұндағы ағаштардың бойы аласа болғанымен, ерте пісіп-жетіледі әрі жергілікті климатқа бейімделеді. Алма баққа отырғызуға 3-4 жылда өнім беретін "Золотой превосход", "Заря", "Бес жұлдыз", "Айдоред" сұрыптары таңдалды. Арасында апорт алмалары да бар. Жиналған өнімнің біраз бөлігі бақ басынан сатылса, қалғаны 600 тонналық жертөледе сақталады", – дейді қожалық жетекшісі. 

2012 жылы "Сыбаға" бағдарламасымен сүт бағытында – 70, ет бағытында 28 бас мүйізді ірі қара алған шаруалар мал шаруашылығын қолға алуымен шабындық және жайылымдық жерге деген қажеттілік туындағанын жасырмады. Осы себепті, мал басын арттыру үшін суармалы шабындықтарда жоңышқа, экспарцет пен дәндік жүгері өсіруді қолға алыпты. Бүгінде қожалықта мүйізді ірі қараның басы едәуір көбейген. Оның басым бөлігін ет бағытындағы табын құрайды. Бордақыланған мал аудан орталығындағы және Тараз қаласындағы мал базарларда өткеріледі. Ал, 30-40 бас сиырдың сүті сүт жергілікті өндіріс ошақтарына өткізілуде.

Қожалық басшысы бұрнағы жылдары Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан бидайдың супер элиталық "Стекловидный-24" тұқымын әкелгенін айтты. Ол өз сөзінде сапалы тұқым –  мол өнімнің кепілі екенін айтты.  

"Мезгіл өте, ескі техниканы жаңарту қажеттігі де туындайтыны рас. Бұл ретте астық жинауға және шөп оруға қажетті техникалар да алынды. Қожалықта жайылым, шөп шабындығы мен егістік жерлер бар. Осының арқасында төрт түлікті өзіміздің жем-шөбімізбен қамтамасыз етіп келеміз. Биыл да мал азығының берік қорын әзірлеп қойдық. Мал күтімімен Заңғар Өтешов пен Досым Елекбаев есімді азаматтар айналысады. Сонымен қатар, механизаторлар Рәтбек Балатаев, Ерғали Маханов, Шілден Рахманов ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан әрі шаруашылықтың ыстық-суығына төселген белді мамандар", – дейді Дәулет Өмірбайұлы.