Жамбыл облысында қатты жауынның арты селге айналып, 6 жолаушылар пойызы жолдан қалды
Дәл осындай оқыс оқиғаларға арналған арнайы бетон арықтың үлкен көлемдегі суды өткізіп жіберуге күші жетпеді.Жамбыл облысында тоқтаусыз жауған нөсер жауыннан сел жүріп, республикалық маңызы бар тасжол бұзылды. Қатты жаңбыр теміржолды шайып кеткен. Осындай төтенше жағдайға арнап салынған арық көп мөлшердегі суды өткізуге қауқарсыз болып шықты, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сай-саламен аққан су "Меркі-Шу-Бурылбайтал" тасжолының жиегіне жиналған. Дәл осындай оқыс оқиғаларға арналған арнайы бетон арықтың үлкен көлемдегі суды өткізіп жіберуге күші жетпеген. Ақыры тасқын су арықтың іргесін бұзып, асфальт, бетонымен қоса ағызып әкетіпті.
Тасқын теміржолдағы су өткелін де зақымдаған. Яғни, топырақ-тасын шайып, бетонның қаңқасын қалдырған. Осыдан кейін мамандар бірден көлік пен пойыз қозғалысын тоқтатты. Соның салдарынан жүздеген көлік кері қайтып, алты жолаушы пойызы жолдан қалды. Шу ауданы әкімінің айтуынша, таңғы төртке дейін жұмысшылар опырылып қалған тасжолды қалпына келтірген. Ал теміржолшылар түнімен жұмыс істеп, шамамен 3 сағат ішінде бір бағыт бойынша пойыздар жүре бастады. 8-ден өте екінші бағыт та іске қосылыпты.
"Қазіргі таңда автомобиль, теміржол – барлық көлік шектеусіз жүріп жатыр. Адам шығыны болмады", – деді Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров.
Шенеуніктер таңнан бері екі бағыт бойынша пойыздар қатынап жатыр десе де, жол бойында тоқтап тұрған отарбалар көп. Бұл екінші жолда жөндеу жұмыстарының бітпеуімен байланысты.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: