Жамбыл облысында диқандар жергілікті билікке наразылығын білдірді
Биыл Жамбылдың алты ауданы қуаңшылыққа ұрынып, төтенше жағдай жарияландыДиқандардың айтуынша, әкімдік төтенше жағдайда бөлінген ақшаны әлі күнге дейін бермеген. Меркілік шаруалар "Үкімет шешімін орындамаған әкім орнын босатсын" деген талап қойды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Биыл Жамбылдың алты ауданы қуаңшылыққа ұрынып, төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұл жолы сап түзеп, шеру жасаған шаруалар – Меркі ауданының диқандары. Төтенше жағдай жариялау туралы алғашқылардың бірі болып дабыл қаққан да дәл осы азаматтар еді. Үкімет естіп, биыл бір аудан емес, қуаңшылыққа ұрынған алты ауданға 3,8 миллиард теңге бөлінді. Басқалар алған ақшадан Меркіліктер тыс қалғандарын айтады
"Астанадан, облыстан, ауданнан комиссия келді. Видео фиксация, фото фиксация жасап, ЖПС-пен өлшеді. Сонда да төтенше жағдай үшін бөлінген қарадатты ала алмауымыз керек пе?" – деді шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Белқожаев.
Ауылшаруашылығы басқармасы мен аудан басшыларының арасында түсініксіз жағдайда қалғандарын айтқан диқандар екі тарап екі түрлі талап қойғанына қапалы. Сусыз қалғанын дәлелдегенімен, "Қазсу" шаруашылығымен келісімшартты көрсету керек деген талап қойып отыр.
"Ең алдымен "Қазсу" шаруашылығымен келісімшарт керек. Екінші, гектарының бәрі сай келу керек", – деді Меркі ауданы әкімінің орынасары Бақытжан Әбжәпаров.
Оқи отырыңыз: Құрғақшылықтан зардап шеккен диқандар несиені өтеу мерзімін ұзарта алады
Бұл талап тек меркеліктер үшін болғаны шаруаларды ашуландыруда. Шығынға батқан 61 қожалықтың тек 28-іне ғана мемлекет шығынын өтеп беруге келіскен.
Аудан басшысы кіммен ақылдасқаны белгісіз. Тілшімен аз-кем тілдесуден соң әу баста айтқан шешімін күрт өзгертіп, барлық диқандардың құжатына қол қоятын шешім қабылдады.
"Қазір тағы сөйлестім. Жалпы ведомствоға қол қойып жібереміз. Мен өзім қол қойып жіберемін. Комиссия қол қоймаса да, жауапкершілікті өзім аламын. Сондай шешім қабылдадым", – деді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.
Оқи отырыңыз: Жетісуда 2 мың тонна жүгері шіріп кетуі мүмкін. Шаруалар өнімін неге сата алмай отыр?