Жамбыл облысында дәретхана ішінде көз жұмған баланың өліміне қатысты іске нүкте қойылды
Жамбыл облысында дәретхана ішінде көз жұмған баланың өліміне қатысты іске нүкте қойылды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сотта Мирас Мәлікті жабылып ұрған тоғызыншы сыныптың үш оқушысы түрлі жаза арқалады. Бірақ басты айыпталушыларға 6 жыл 8 ай үкім кесу әділетсіз дейді марқұмның ата-анасы. Сондықтан олар аппеляциялық шағым түсірмек.
Айта кетейік, былтыр Байзақ ауданында болған оқиғадан кейін мектеп мұғалімдері де сот алдында жауап беретін болады. Себебі, ұстаздар әжетханада болған әлімжеттікті жасырып қалуға тырысқан. Құмжота ауылындағы қайғылы оқиға былтыр көктемде болған.
Тергеу барысында оқушыларды жоғары сынып ұлдарының төмпештеп ұратыны расталыпты. Нақтырақ айтсақ, бұл білім ошағындағы балалар әлімжеттіктің әліпбиін сегізінші сыныпқа аяқ басқан тұста оқып бастайды екен. Сынақтан өткізу үшін сабақтан шығарып соққыға жығу әдетке айналған. Оған екі қолдап амандаспау, үлкендердің жиналысына қатыспау сылтау болған.
Сондай жағдайдың бірінде Мирас Мәлік ауыр соққыдан дәретхана ішінде тіл тартпай кеткен. Істі қараған судья үш оқушының кінәсі дәлелденгенін жеткізді.
"Үш сотталушының біреуі ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасаған деп айып тағылған. Ол сотталушыға орташа санаттағы қылмыс жасағаны үшін айып тағылғандықтан, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Түпкілікті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын", – деді Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлмира Әлімқұлова.
Бұл шешімге Мирастың жақындары келіспейді. Шыр-пыр болған ана тым жеңіл жаза кесілді деп есептейді. Сіз өзіңіздің шешіміңізді дұрыс деп қабылдайсыз ба? Сізде анасыз ғой. Ұрып өлтірсе қарап отырар ма едіңіз? -Шешім қабылдадық. -Біз міндетті шағым түсіреміз. Қапыда баласынан көз жазып қалған ата-ана күдіктілердің қатары көп болған дейді. Сондықтан тергеу қайта жүргізіліп, кінәлілердің барлығы сотталсын деп отыр.
"Изоляторда 2 ай, 3 ай отыра ма ол сол уақытысы 1 күні 2 күнге есептелінсін деді. Сонда ол 1 жыл 8 айын отырып қойды деген сөз. Сонда ол менің боздақ баламды өлтіреді де 4 жыл отырып шыға ма? Бұл қасақана адам өлтіру болып тұр ғой. Сонда 4 жыл отырады да шығады. Шағымданамыз аппеляция береміз. Бұдан жоғары инстанцияға береміз", – деді Мирас Мәліктің анасы Раушан Құдасова.
Ал әу баста мектеп қабырғасындағы қазаны аяқ асты болған ажал деп жасырған мектеп әкімшілігінің ісіне әлі сот нүктесін қоймады. Бұл бойынша бөлек процесс өткізіледі дейді судья.
Айта кетейік, бүгінгі шыққан шешім бойынша үш бала жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 11 млн теңге төлеуге міндеттелді.