Жамбыл облысында 5 жоба аясында 68 жұмыс орны құрылды
Жамбыл облысында "Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жол картасына" сәйкес, 2024-2026 жылдары жалпы құны 77,5 миллиард теңгені құрайтын 36 жобаны іске асыру көзделуде.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев инвестициялық жобалардан бөлек, асыраушы салаға "Ауыл аманаты" бағдарламасы өз септігін тигізіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, жобаны сәтті жүзеге асыру нәтижесінде басты екі мәселе оң шешімін тауыпты.
"Ауыл тұрғындары әуелі 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ, елді мекендердегі мүліктер кепілдікке қабылданды. 2023-2024 жылдары аралығында 24 миллиард теңгеге 10 аудандағы 38 округтен төрт мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Бұл қаржы 227 мыңнан астам мал басын және ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, кооперативтерге айналым қаражат беру, кәсіп ашу бағыттарына жұмсалды", – деді Төлебек Құлекеев.
Аймақта келер жылы құны 52,5 миллиард теңге болатын 20 жобаны іске асыру жоспарда бар. Оның ішінде, құс еті бағытындағы құс фабрикасы, сүт тауарлы фермасы, көкөніс сақтау қоймасы, су үнемдеу технологиясы, балық шаруашылығын дамыту, қарқынды бақ алқабын орналастыру және бордақылау алаңы мен теріні қайта өңдеу жобалары бар.
Бұдан бөлек, "Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру" бағдарламасы шеңберінде 8 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қарастырылуда. Ал, аймақта осы жылдың шілде айында 5 миллиард теңгеге тең 5 жоба аясында 68 жұмыс орны құрылған.