Елдің солтүстігінде жүзге жуық ауыл азаматы кезінде өзі жалға берген жер телімдерін серіктестіктен ала алмай отыр. Наразылық білдірген шаруалар кәсіпкермен бірнеше жылдан бері соттасып келеді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрғындар пай иелеріне берілетін қаражат тым аз болғандықтан, өз жер телімін қайтарғысы келетінін айтады. Солтүстіктегі Белоградовка ауылының маңы шабындық және егістік жерге толы.

"Бұл жағдай 2021 жылдан бері жалғасып келеді. Пай иесіне небәрі 20 мың теңге төлейді. Кейін халық шулап 50 мың теңгеге көтерді. Бірақ оның өзі тым аз. Сондықтан серіктестікпен келісімді бұзғымыз келеді. Сотқа шағым да түсіргенбіз. 16 жыл бұрын осы ауылда серіктестік құрылып, оған тұрғындар жер үлестерін жалға берген болатын", – деді Тимирязев ауданының тұрғыны Руслан Мұхамеджанов. 

Тұрғындардың айтуынша, шаруа қожалығының басшысы пай иелерінің атынан жалған қол қойған. Сөйтіп бір мыңға жуық гектар жер телімін банкке кепілге қойып, несие алды, деп отыр. Сол үшін кәсіпкермен екі жылдан астам уақыт соттасып жүргендерін айтады. Ал сотта серіктестік иесінің бұл әрекеті заңсыз деп танылған. 


Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Атырау облысындағы тағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланды


"2022 жылдың 1 қарашасында жалпы жиналыстың хаттамасында құжаттарды әзірлеп, тұрғындар серіктестіктен бөлінеді деген шарт жасалды", – деді Тимирязев ауданының тұрғыны Валерий Кравчук. 

Алайда, олар тағы да сөзінде тұрмады, арада 2 жыл өтті, мәселе еш өзгеріссіз қалды. Өйткені, серіктестік басшысы да аппелляцияға жүгінген. Вадим Кузьменко шулаған шаруаларды серіктестіктен шығаруға дайынмын, ешқандай кедергі жоқ деп отыр.

"Шығамын десе шыға алады. Оларға ешкім кедергі емес. Әрине олар біздің серіктестік құрамынан шығамыз деген күннен бастап біздің мүшеміз емес. Олар өз жерлерін басқа шаруашылық құрамына тапсырмақ. Біз ақшалай табыстарын бәріне төледік. Ал жем-азық күйіндегі көмекті енді олар ала алмайды. Біз оны қосымша көмек ретінде ғана береміз", – деді "Елім-ай және М" ЖШС директоры Вадим Кузьменко. 


Оқи отырыңыз: Жер сілкінгенде үйде, көшеде және көлікте қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет


Десе де, тұрғындар жер телімдерін серіктесік құрамынан әлі де шығара алмай отырғандарын жеткізді. Серіктестік басшылығы халық атынан жалған қол қойғанын дәлелдеп шығамыз деген ауыл азаматтары енді прокуратураға шағымданбақ.