Ыстықкөлге апаратын қысқа жол құрылысы қашан басталады? Көлік министрлігінің жауабы
Қазіргі таңда ұзындығы 280 шақырым «Алматы – Ұзынағаш – Қастек – Михайловка – Шолпан-Ата» бағыты қаралып жатыр.Бұған дейін ҚР Көлік министрлігіне "Курорттық көлге апаратын жаңа жолдың жобасын іске асыру жоспарланып отыр ма?" деген сауал жолдаған болатынбыз. Айта кетейік, бүгінгі таңда ең танымал бағыт: "Алматы – Отар – Қордай – Бішкек – Шолпан-Ата", ұзындығы – 485 шақырым.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көлік дәлізінің құрылысы жол жүру уақытын едәуір қысқартып, демалушылар үшін қолайлы болатыны белгілі. Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті қазіргі уақытта қазақстандық-қырғызстандық жұмыс тобы бірлесіп ұзындығы 280 шақырым болатын "Алматы – Ұзынағаш – Қастек – Михайловка – Шолпан-Ата" бағытының нұсқасын қарастырып жатқанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыдан Ыстықкөлге тау арқылы жеткізетін қысқа жол қашан ашылады
Ведомство жоба шеңберінде II немесе III техникалық санаттағы екі жолақты автожол салу жоспарланып отырғанын, кейіннен жоба бойынша инвестициялық шығындарды өтеу үшін ақылы жол енгізілетінін түсіндірді.
Бұған дейін 2024 жылғы ақпанда Алматыда бірлескен топ құрылып, отырыс барысында жобаның өзін және экономикалық құрамдас бөлігін іске асыруға қатысты мәселелер талқыланған болатын. Алайда, бүгінгі таңда жобаны жүзеге асыратын компания анықталмағанын ескере отырып, талқылау жалғасуда. Тиісінше, құрылыс басталуының нақты мерзімі жоқ.
"Жаңа маршруттың құрылысы кезінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында кедергісіз және қауіпсіз жолды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықталған жаңа өткізу пунктін салу көзделеді", – делінген ведомство жауабында.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, бұл жол Қазақстанға қарағанда Қырғыз тарапы үшін әлдеқайда маңызды.
Ал Қазақстандық туристік қауымдастықтың өкілі Рашида Шайкенова жобаның туристер ағынын арттырып, екі елге де экономикалық тиімді болатынын айтқан еді.