Венгрия университеттерінде тегін білім алатын 200-ден астам қазақстандықтың тізімі жарияланды
Студенттер Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы бойынша оқитын болады. Сонымен қатар, 70-тен астам адамнан тұратын резервтік тізім жасалды.Қазақстандық студенттердің Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі бар. БҒМ мен Венгрияның Адами ресурстар министрлігі осындай келісімге келді.
"Отандастарымыз Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасы бойынша оқитын болады. Бұл тізімді венгр тарапы үміткерлердің мамандық таңдауына деген ынтасына, олардың теориялық білімі мен оқудағы немесе таңдаған саласындағы жетістіктеріне сүйене отырып бекітті. Сондай-ақ, әңгімелесу кезінде кандидаттардың жеке қасиеттері ескерілді", – деді Халықаралық бағдарламалар орталығы президентінің міндетін атқарушы Данияр Мұқитанов.
Стипендиаттар Венгрияда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша қабылдаушы тараптың есебінен оқиды. Сонымен қатар, 70-тен астам адамнан тұратын резервтік тізім жасалды. Барлық үміткерлердің тізімі Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтында жарияланған.
Айта кетейік, үкіметаралық келісімдер аясында 330 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, оның ішінде Венгрия, Польша, Қытай, Украина, Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам университеттерінде тегін оқи алады.