Үш жылда Алматы тұрғындарының өтінішімен 39,1 млрд теңгенің 938 жобасы іске асырылды
2022 жылдан бастап Алматыда "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын қаржыландыру 2,6 есеге ұлғайып, 938 жоба іске асырылды. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл жобалардың барлығы қала тұрғындары белсенді қатысып, қаланы жақсарту үшін өз идеяларын ұсынатын "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған.
"Біз ХҚБ аясында жобаларды іске асыруға жыл сайынғы лимитті 17 млрд теңге деңгейінде белгіледік. Сондай-ақ, бұрын іске асырылған ХҚБ жобаларын ұстау үшін бірінші рет әр ауданға 200 млн теңгеге дейін қаражат бөлінуде", – деді Ерболат Досаев.
Бағдарлама аясында қаланың қараусыз қалған аумақтарынан жаңа жаяу жүргіншілер және жағалау аймақтары, скверлер, балалар алаңдары мен абаттандырылған аулалар жасалуда.
Еске салайық, 2022 жылдан бастап "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын қаржыландыру 2,6 есеге ұлғайып, берілген жобалар саны 5,7 есеге өсті. Бұл азаматтардың белсенді қатысуын және бағдарламаны қаланы дамыту құралы ретінде тиімділігін көрсетеді.
2024 жылы "Халық қатысатын бюджет" аясында аудан әкімдіктері 364 жобаны іске асырды. Келесі жылы Алматыда 17 млрд теңгеге абаттандыру бойынша 300-ден астам жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалардың басым бөлігі Алатау (50) және Алмалы (45) аудандарында іске асырылады. Жүзеге асыруға рұқсат етілген жобалар тізімімен budget.open-almaty.kz сайтында танысуға болады.