Ұмраға кеткен бір топ Қазақстан азаматы елге орала алмай жатыр
Ұмраға кеткен бір топ Қазақстан азаматы елге орала алмай жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Парыз өтеймін деп қиырда қалғандар бұл іске кіші қажылыққа апарған Qazaq Umma туркомпаниясын кінәлайды.
Айтуларынша, келісім бойынша компания келіп-кетуді толық ұйымдастыруы керек болған. Бірақ Қазақстанға қайтар сәтте билетсіз қалдырыпты. Енді бір топ қажы қонақүй жағалап жүр.
Ұмра деп барып, ұлардай шулаған кісілер қасиетті Меккеге 7 ақпанда кеткен. Ал 16-сы атаменге оралатын болған. Бірақ Қағбадан шығып, әуежайға келгенде 10 қажының бірде біреуінде қайтарға билет берілмеген. Енді қонақүйден шығармасын деп шетелдіктердің қас-қабағына қарап отырмыз дейді.
"Qazaq Umma фирмасынан осында жолдама алған едік. Олар бізді аман-есен апарамыз, аман-есен әкелеміз деген. Сөзін де берген. Енді сол бізді әкелген компания уәдесінде тұрмай тұр", – деді қажылыққа барған қазақстандық Ербол Ахметов.
Ал басы дауға қалған Qazaq Umma компаниясының өкілдері қиырда қалған қажылар екі күн ішінде елде болады деп сендірді. Қайтарға билетті енді алып отыр.
"Мәселе былтырғы желтоқсаннан бері бар. Біз алдын ала броньдаған орындарды әуе компаниялары сатып жібереді. Соның кесірінен бір бағытқа қана билет сатып алып, қайтарда билет табылмай жатыр. Қолдан келгенше дер кезінде көмек беруге тырысамыз. Медина қаласында қалып қойғандар енді Кувейт арқылы ертең Алматыға қарай ұшады", – деді Qazaq Umma компаниясының өкілі Ержан Сарманбаев.
Баруы бақыт, қайтуы мұң болған 14 адамнан бөлек, Qazaq Umma араб жеріне тағы 18 адамды жіберіп отыр. Туркомпания олқылық енді қайталанбайды деп сендірді.
Айта кетейік, бұл қажылық төңірегіндегі алғашқы дау емес. Бір кездері тіпті 300-ге жуық қазақстандық Меккеге жеткенде қамауға алынған да болатын. Сол себепті мұсылдандар діни басқармасы мүфтиятпен келісімі бар компанияларға жүгінуге шақырады.