Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков: Біздің топырақта рух, сенім, жігер дәні жатыр
Бүкіл облыс аумағында Республика күні кеңінен мерекеленді.Ұлытау облысының орталығы – Жезқазғандағы Достық пен мәдениет үйінде еңбек ардагерлері, түрлі кәсіпорын қызметкерлері, аудандар мен қала тұрғындары қатысқан салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы Дастан Рыспеков өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, экономикадағы жетістіктерге әркім өзінше үлес қосып жатқанын атап өтті.
"Облысымыз таяу жылдары бұдан да қуатты өңірлердің біріне айналатынына сенімдемін. Өйткені, біздің өңірдің топырағында рух, сенім, жігер дәні жатыр", – деді Дастан Рыспеков.
Салтанатты шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына айрықша үлес қосып жүрген азаматтар "Парасат", "Құрмет" "Еңбек даңқы" ордендері және "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медалімен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, білім, ғылым, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері бар.
"Осы еліміздің көзінің алдында да, жүрегінде де, халықтың көңілінде де жүргенім осы халықтың аялы алақынының арқасы. Халқыма көп ризашылық. Менің өзім енді естіп жатырмын ғой, осы атақ-абыройға осы біздің қаланың ардагерлер кеңесі, сосын тағы да қосымша адамдар 67 адам қол қойып, менің осы атақ алуымды сұраған екен", – деді "Парасат" орденінің иегері атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов.
"Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны" ЖШС жұмыскері Әділ Сейітжановқа ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" ордені табысталды.
"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын мәдениет майталманы Жақсылық Шохтаев иеленді.
"Бірлік" медалімен "Вайнах" этно бірлестігінің жетекшісі Абеуезит Чумаков марапатталды.
Салтанатты шара барысында "Ұлытау облысының құрметті азаматы" атағы да берілді.
"Сол азаматтардың арасында өзімде бармын. Ұлытау облысының "Құрметті азаматы" атандым. Осы бір мерекені ерекше бір қуанышпен, үлкен бір көңілді сезіммен сезініп тұрмын. Баршаларыңызға үлкен болашақ, елімізге жақсылық пен тыныштық тілеймін", – деді Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 5 көпбалалы ана "Алтын алқа" иегерлері атанды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. "Ұлытау" этно-рок тобы өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар басқа да қазақ эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.