Жүздеген Қазақстан азаматы тапқан табысын Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Қытай мен Түркия секілді елдерде жасырған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қаржы министрлігі шетелдік әріптестері ұсынған деректерді өңдеп, тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 1500-ден астам азаматтың салықтан жалтарғанын анықтапты. 

Осылайша, ел бюджеті 5 миллиард 400 миллион теңгемен толығып отыр. Бұл қомақты қаржы қазынаға шет мемлекеттерде еңбек ететін Қазақстан азаматтарының жеке табыс салығы есебінде аударылды. 

Сонымен қатар қазір 1 миллиард 400 миллион теңге офшорлық шоттарда жатыр дейді комитет өкілдері. Оның басым бөлігі, дәлірек айтсақ 1 миллиард 200 миллион теңге Панама республикасында, 200 миллионы Вануату, тағы 100 миллионы Сан-Марино мемлекетінде сақталған. Ал жемқорлардан тәркіленген қаржыға мектептер бой көтереді. 

Демек, биыл білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушыға арналған 28 жаңа білім ошағы салынады. Бұл жоба апатты мектептер мен орын тапшылығын жоюға ықпал етуге тиіс.