Ұлттық банк 200 теңгелік қағаз ақша шығаруды тоқтатады
Қағаз ақшаны төлем құралы ретінде пайдалануға немесе банкте алмастыруға болады.Ұлттық банк енді номиналы 200 теңге болатын қағаз ақшаны шығармайды. Бірақ бұл банкнот заңды түрде төлем құралы ретінде қабылданады. Бұл туралы time.kz сайты хабарлады.
Қағаз ақша әлі де заңды төлем құралы болғандықтан, оны сауда орындарында қабылдау міндетті.
"2020 жылғы 28 қаңтардан бастап қолма-қол ақша айналымында номиналы 200 теңгелік банкноттармен қатар монеталар да бар. Айналымдағы номиналы 200 теңгелік қағаз ақша ескірген кезде ғана айналымнан шығарылады. Банкнотаны монеталармен қатар төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдау міндетті", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк FIFA world cup Qatar 2022 коллекциялық монеталарын айналымға шығарды
Ұлттық банк қағаз ақшаларды қайда алмастыруға болатынын да түсіндірген.
"Бұл банкноттарды банктер мен "Қазпошта" АҚ-ның барлық бөлімшесінде, Ұлттық банктің кез келген филиалында ұсақтауға және айырбастауға болады. Ал қағаз ақшаны қабылдамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Теңге бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық банк наурызда шамамен 1 млрд долларға интервенция жасады
Орташа есеппен алғанда, банкноттар айналымда бес жылға дейін жүре алады.
"Монеталардың орташа қызмет ету мерзімі шамамен 10-15 жылды құрайды. Ал номиналы 200 теңге болатын банкноттардың орташа қызмет ету мерзімі бір жылдан аспайды. Жалпы банкноттар мен монеталар өндірісі Ұлттық банк және әріптестері арасындағы келісім-шартқа байланысты. Жасалған келісім-шарттар бойынша қарсы серіктестердің келісімінсіз коммерциялық шарттарды жария ету азаматтық-құқықтық жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген хабарламада.