Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс берген соң қазақстандық журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Брифинг барысында "Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?" деген сұрақ қойылды деп хабарлады Ақорда. 

"Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына көріне бермеуі мүмкін. Ақпараттарды жан-жақтан алып отырамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Сондықтан елдегі барлық оқиғадан әрқашан хабардармын. Министрлердің және Үкіметтің жұмысында кемшін кетіп жатқан тұстар болса, әлбетте, ескертемін. Жеті ай деген көп уақыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі керек. Ең басты міндет – ел экономикасының дамуына серпін беретін мүмкіндіктерді іздеу", – деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оқи отырыңыз: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс берді


Сондай-ақ, мемлекет басшысы биыл көктемдегі алапат су тасқынынан кейін қандай қорытынды жасалғаны туралы айтты.  

"Тиісті қорытынды жасалды. Бірақ мұндай табиғат апаты бүкіл жер шарында орын алып жатқанына баса мән беруіміз керек. Жақында ғана Орталық Еуропада алапат тасқын өтті. Оның алдында АҚШ пен Вьетнамда дауыл болды. Сондықтан мұндай апаттарды алдын ала болжау қиын. Дегенмен ондай жағдайға дайын болып, қажетті шаралар қабылдау маңызды. Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды. Мұны ашық айту керек. Біз адам және қаржы ресурстарын осы іске жұмылдырдық. Үкімет пен әкімдер белсенді жұмыс істеді. Оның нәтижесін көріп отырсыздар. Алапат тасқын кезінде зардап шеккен азаматтар жаңа баспанамен қамтылды. Мен бұған дейін ешкім назардан тыс қалмайды деп уәде бердім. Жалпы алғанда, біз бұл мақсатты орындадық",– деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: АЭС бойынша республикалық референдум қалай өтіп жатыр? Жазба трансляция