Үкімет басшысы Олжас Бектенов Петропавл қаласындағы Бірлік ықшам ауданында жаңадан бой көтерген үйді аралап, жаңа баспана кілтін алған отбасы мүшелерімен әңгімелесті, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

"Солтүстік Қазақстан облысы қаладағы су басқан ықшам аудандардағы үйлердің құрылысын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Біздің басты міндетіміз – зардап шеккендердің барлығын суық түскенге дейін үйлеріне көшіру", – деді Олжас Бектенов.

 

Өңірде барлығы 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Жақында ғана отбасыларға қоныстану үшін 53 үйдің кілті берілді.

“Маусым айының соңына дейін тағы 47 үй беру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бірлік ықшам ауданы қажет инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізіліп жатыр. Салынып жатқан құрастырмалы-қалқанды үйлердің сапасы мен технологиясына ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 100-ден астам учаскеде іргетас қаланып, конструкциялар құрастырыла бастады, сонымен қатар сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Олжас Бектенов қалпына келтіруге болатын үйлерді жөндеу жұмыстарымен танысты.

"Солтүстік Қазақстан облысы – су тасқыны салдарын жоюға механикаландырылған бригадалар тартылған жалғыз өңір. Мәселен, тек Ойқала ықшам ауданында 1 133 үй су басу аймағында болды, оның 309-ы жөндеуді қажет етеді. Жұмыстарды 24 мехбригада кезең-кезеңімен орындап жатыр, Петропавл бойынша барлығы 85 осындай құрама бар. Қазіргі таңда едендерді ауыстыру, қабырғаларды сылау, гипс қатырмасын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп жазылған хабарламада.

Үкімет басшысы меншік иелері өтемақы түрінде төленген қаражатқа өздері жөндеу жұмыстарын жүргізетін жеке тұрғын үйге барды.

Олжас Бектенов үкіметтің негізгі міндеті – барлық эвакуацияланған тұрғындарды өз үйіне қайтару екенін атап өтті, бүгінде 64 мың адам өз үйінде тұрып жатыр.