Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Zam-Zam Qazaqstan компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінін хабарлады. Компания биыл ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізіміне енбеген. Алайда, соған қарамастан, компания биыл Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа апарған.

"Zam-Zam Qazaqstan компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар "мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады" деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ "жалған қажылық квоталарын" жасады деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуда", – делінген діни басқарманың хабарламасында.

Мүфтият ақпаратына сәйкес, діни басқармаға жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа апарған Zam-Zam Qazaqstan директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар толассыз келіп түсіп жатыр. Соған орай, ҚМДБ өкілдері ұқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенім білдірді. 


Оқи отырыңыз: "Мүфтият қажылық квоталары үшін пара алады". ҚМДБ желідегі айыптауларға ресми жауап берді


"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге салады. Сонымен қатар "ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады" деп жала жапқан Zam-Zam Qazaqstan компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады", – делінген ресми хабарламада.